Нашар көретін адамдар үшін egov порталының арнайы нұсқасы қолжетімді болды
Бұл нұсқа WCAG 2.0 (Web Content Accessibility Guidelines) халықаралық стандартына сәйкес құрастырылды. Стандартқа сәйкес пайдаланушы сайттағы ақпарат пен интерфейсты толықтай түсіну мен әртүрлі веб-браузерлерді, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы браузерлерді қолдану мүмкіндігіне ие болады.
«Атқарылған жұмыс: кереғарлық - 4.5:1-ден кем емес, мәтін мен фон түсін таңдау мүмкіндігі, жол арасындағы интервал бір жарым не одан үлкен, параграфтар арасындағы қашықтық жол арасындағы интервалдан бір жарым есе үлкен сияқты көрсеткіштер бойынша нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер нашар көретін адамдар үшін электрондық үкіметтің 570 астам электрондық қызмет пен сервистерін қолдануға жол ашады», - дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Исмағамбетов.
Электрондық үкімет порталында 3 млн. астам пайдаланушы тіркелген және жаңа нұсқаны құру мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі келесі қадам болып саналады.
Электрондық үкімет порталының нашар көретін адамдарға арналған нұсқасы жайында «Қазақ соқырлар қоғамының» президенті Байболат Әубәкіров өз ойымен бөлісті.
«Аталмыш сияқты технологияларды қолдану халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған және бүкіл әлемде қолданылады. Енді ол Қазақстанда да қолжетімді болды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың күн сайын түрлі қиындықтармен кездесетіні жасырын емес. Электрондық үкімет порталының мемлекеттік қызметтерді ұсыну процесін барша қауым үшін бұдан әрі қолжетімді ету бастамасы мені қуантады», - деді ол.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 680 мыңнан астам адам көру мүшелерінің ауруларынан зардап шегеді, олардың 20 мыңы - көру нашарлығы бойынша мүгедектер.