National Geographic Нұр-Сұлтандағы отшашу суретін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «National Geographic» әлемдік басылымы әлемнің түрлі қалалаларындағы жаңажылдық отшашу суреттерін жариялады. Оның ішіне Нұр-Сұлтандағы Есіл жағасындағы көпір суреті де енген, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

«Қазақстан, Нұр-Сұлтандағы түн. 2020 жыл қарсаңында жаңажылдық мерекелерді көрсететін біздің фотосуретшілермен әлемді аралаңыз. #nye2020», - деп жазылған National Geographic журналының Instagram парақшасында.

Фотосуретті танымал америкалық фотосуретші Джордж Штайнмец (George Steinmetz) түсірген.

«Ол қазір Қазақстан астанасында «National Geographic» журналына қысқы Нұр-Сұлтан туралы фотоматериалдар әзірлеп жатыр. Әсіресе Джордж параглайдерден (моторлы парашют) түсірілген бірегей суреттерімен танымал», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы.

Өзінің 25 жылдық мансабында Джордж World Press Photo, Pictures of the Year, Overseas Press Club, Life Magazine’s Alfred Eisenstadt Awards, National Science Foundation жүлделерін жеңіп алған. National Geographic пен GEO Magazine оның фотосуреттерін жиі жариялайды.

Instagram желісіндегі National Geographic парақшасына әлемнің түрлі елдерінен 128 млн адам жазылған.

Еске сала кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары отшашуды 1 қаңтарға қараған түні Есіл өзенінің жағасында, Ботаникалық бақ аумағында, Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында орналасқан алаңда тамашалады. Отшашу жергілікті уақыт бойынша 00:00-де басталып, 7 минутқа созылды. Отшашудың биіктігі 210 метр, ені 250 метр.

Отшашу үшін қалалық бюджеттен ақша бөлінбеген, демеушілер есебінен ұйымдастырылған.



Соңғы жаңалықтар