НАТО бас хатшысы Марк Рютте әскери блоктың штабына қысқарту енгізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Атлантика альянсының (НАТО) штаб-пәтерінде кадрларды қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Еуропа басылымдарына сілтеме жасап.

Марк Рютте
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Politico басылымының дерегіне қарағанда, 2024 жылғы қазан айында осы лауазымға келген Марк Рютте ауқымды реструктуризацияны қолға алмақ. Ол Брюссельдегі НАТО штабының құрамында екі бөлімді жоюды және ондаған қызмет орындарын қысқартуды жоспарлап отыр.

Бұл реорганизация бұған дейін ресми түрде хабарланбаған еді және ол АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО-ға күмәнмен қарауы және Америка Құрама Штаттарының альянстан шығуы мүмкін деген одақтастар арасындағы алаңдаушылықтар аясында жүзеге асып жатыр.

Реформалар сондай-ақ Украина мен Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар аясында жүріп жатыр. Бұған қоса, Трамп әкімшілігі Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде АҚШ-тың шеттетілетіні немесе кейінгі орынға ығыстырылуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Соңғы айларда Рютте қызметкерлерімен екі жиын өткізіп, оларға НАТО-ның халықаралық бөлімдері саны сегізден алтыға дейін қысқартылады деп жариялады. Қысқартуға ұшырайтын бөлімдер — НАТО-ның қоғамдық дипломатия бөлімі (баспасөз қызметі) және атқарушы және кадр бөлімі. Бұл бөлімдердің функциялары басқа бөлімдерге берілмек, ал бас хатшы көмекшілері — бөлім басшыларының лауазымы қысқартылмақ.

Брюссельдегі штаб-пәтерде шамамен 4 000 адам, оның ішінде 1 500 халықаралық қызметкер жұмыс істейді.

Алдағы уақытта Гаагада өтетін Альянс саммитінде Рютте Трамп пен басқа да одақтастардың алдында НАТО-ны тиімді әрі үнемді ету, сондай-ақ ресурстарды «ұқыпты пайдалану» жөніндегі жоспарларын таныстырмақ. VUB университетінің доценті әрі Egmont институтының сарапшысы Александр Маттелаердің айтуынша, «Рютте штаб-пәтердегі қосалқы персонал құрылымын басымдықтарға сай қайта құрып, қорғанысқа қайта инвестиция сала отырып, қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға күш салуда».

Сарапшы қысқартулар кезінде Рютте АҚШ-пен «тығыз ынтымақтастықты» сақтағанын атап өтті. 

— Қайта ұйымдастыру процесіне қызметкерлер де белсенді қатысып жатыр, бұл бастамаға одақтастар тарапынан қолдау көрсетілуде, — деді НАТО-ның ресми өкілдерінің бірі.

Бұған дейін Рютте НАТО Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін әлем ядролық соғысқа таяп қалды деп санамайтынын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар