«НАТО-да Қазақстанға орын бар ма» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 1-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

** *

«Көп әйел алушылық және оны заңдастыру мәселесі Парламент депутаттары тарапынан арагідік сөз болып келе жатқаны баршамызға мәлім. Қоғамда да біраз жылдан бері қозғалып келе жатқан екі әйел алуды заңдастыру мәселесі сәрсенбінің сәтті күні шешімін тапты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бейсенбілік санында жарық көрген «Көп әйел алу заңмен бекітілді» атты мақаласында.

Қолдап дауыс берген депутаттардың айтуынша, соңғы санақ елімізде демографиялық жарылыстың жоқ екенін көрсетіп берді. «Сонымен қатар, қазір отырып қалған қыздардың саны жыл өткен сайын артуда. Сондықтан қыздарымыздың оң жақта отырып қалмай, тұрмыс құруы, демографиялық жағдайды жақсарту үшін осындай қадамға бардық» дейді халық қалаулылары. Жалпы бұл заң жобасын біздің мемлекет қана қабылдап отырған жоқ.

Орал қаласының төтенше жағдайлар басқармасы шаһарды тасқын судан сақтандыру мақсатында тәулік бойы қызметке көшкеніне біраз уақыт болды. Осы төтенше жағдай арқау болған мақаланы кеңінен оқығыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетінде «Орал су ішіндегі аралға айналып жүрмесін!..» деген тақырыппен берілген мақалаға назар салыңыз. Басылымның хабарлауынша, Орал қаласының оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік бөлігінде жағдай мәз емес. Зашаған кентіне қарасты «қазақ ауылдары» атанған «Кеңдала», «Көктем», «Арман», «Сары тау» шағынаудандары, №10 орта мектеп аймағы, Деркөл, Желаев, Круглоозерный кенттеріндегі және қала орталығындағы кейбір көшелерді су басқан.

«Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Владимир Божконың министрлігін «ұйқыдағы ұйымға көбірек ұқсайды» деп ащы айыптады. «Ұйқыдағы ару» деген ертегіге теңегендей болып...», деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

Бұған министрліктің Шығыс Қазақстан облысын қыс бойы қар жамылып, көктемнің қатерлі болатынын біле тұра ертерек дабыл қақпауы, кеш қимылдауы дәлел. Аталған министрліктің салғырттығынан тұтас өңірлер, республика қыруар материалдық және моральдық шығынға ұшырауда. Бұл орайда халық қалаулысы «ауа райы құбылмалы, жер көлемі ұшан-теңіз Қазақстан секілді кең байтақ республикаға жедел қимылдайтын министрлік, ұшқыр ойлайтын министр керек», деп түйіндепті өз сөзін. Басылымның жазуынша, А.Смайыл бұған ғана емес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де өкпелі екен.

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 1 сәуірде НАТО құрамына Албания мен Хорватия еніп, алып ұйым өз тарихында алтыншы мәрте кеңейген болатын. Құлашын кеңге жайған НАТО көбінесе тұрақсыз елдерді емес, саяси ахуалы бір қалыпты елдерді өз қатарына қосуда. Осыған орай «Алаш айнасы» газеті «НАТО-да Қазақстанға орын бар ма» деген тақырыппен мақала жариялады. «Ішкі саяси алауыздық Украина мен Гүржістанның НАТО-дан есек дәмесін үзгені мәлім. Талай мәрте Қазақстаннан жанжалды аймақтарға бітімгершілік күштерін жіберуді өтініп жүрген солтүстікатлантикалық одақтың көкейінде Орталық Азиядағы Қазақстанның есебінен іргесін жетінші мәрте кеңейту мүддесі менмұндалап тұрғаны анық», деп жазады басылым.

***

«Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Жоғары партия мектебі ашылады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының Жоғары партиялық мектебін құру бойынша ұйымдастыру-техникалық жұмыстары жасалу үстінде екен. Мектеп елдің партиялық-саяси элитасын қалыптасыру орталығына айналмақ. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин кеше Алматыда өткен партияның қалалық филиалы бастауыш ұйымдары форумында мәлімдеген.

«Парламент сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті», деп жазады «Айқын» газеті. Бсылымның хабарлауынша, жоғары мәртебелі мейманмен кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан Словакияны Еуропалық одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі ретінде қарастыратындығын және барлық салалар мен дейңгейлердегі диалогты дамытуға мүдделі екендігін атап өткен. Сонымен қатар Словакияға Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына және Ұйымның саммитін өткізуге қатысты қазақстандық бастамаға көрсеткен қолдаулары үшін шынайы алғысын білдірген.

Жуырда еліміздің бір топ жекпе-жек шеберлері АҚШ-қа барып, бір айдан астам уақыт бойы оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтқан болатын. Сол сапар аясында АҚШ пен Қазақстан құрама командалары арасында матчтық кездесу де ұйымдастырылып, 4:2 есебімен жерлестеріміз басым түскен еді. Осы спортшылардың арасында болған ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпион Ардақ Назаровпен арадағы сұхбат «Айқын» газетінде «Америкада атой салуды армандаймын» деген тақырыппен берілген. А.Назаровтың үлкен спорттағы жетістіктері, алаңда өткізген жекпе-жектері, алға қойған мақсаттары жайында кеңінен білгіңіз келсе, басылымда жарияланған сұхбатқа назар салыңыз.

***

«Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, мәртебелі мейманның елімізге мемлекеттік сапары барысында қазақстандық-словакиялық сауда-экономиклық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жайы жан-жақты талқыланған. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елде қолға алынған жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы туралы әңгімелеп, Словакия кәсіпкерлерін 20 миллиард доллар бөлінетін, бас-аяғы 176 жаңа нысан салуды көздейтін кешенді бастама аясында ынтымаққа шақырған.

Осы маңызды кездесу жайында «Экономика» басылымы да тарқата жазған. Газет бетінде жарияланған мақалада «Біз алдағы екі жылда Қытай Халық Республикасымен жалғастыратын темір жол желісін салып бітірмекпіз. Бұл Шығысты біз арқылы Иранмен жалғастырып, Парсы шығанағына қосатын, Каспий жағасындағы теңіз айлақтарымен жалғайтын екінші болат жол болмақ. Мен Словакия бизнесін осы жобаларға белсене қатысуға шақырамын. Өйткені, біздің экономикамыз барынша ашық, салық жүйесінде жеңілдіктер қарастырылғандықтан, бизнеске қажетті жағдайдың бәрі жасалған», деген сөзі келтірілген.

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, талай талантты жастың үмітін үкілеген республикалық «Жас қанат» байқауы сәуірдің 16-18-і күндері елорданың Конгресс-Холл сарайында өтпек. Осымен 19-ші рет шымылдығын ашатын байқауға Астана қаласының әкімдігі, «Хабар» агенттігі және «Азия дауысы» халықаралық фестивалі қолдау көрсетіп отыр.

Сәуірдің 1-і, күлкі күніне орай «Астана ақшамы» газеті сатирик-жазушы Берік Садырмен арадағы екеуара әңгімені жариялап отыр. Сұхбат «Қазақ сатирасы барлық кезеңде болған және бола да береді» деген тақырыппен берілген. Әңгіме барысында Б.Садыр «өкінішке қарай, саяси тақырыптарға жазылатын әзіл-оспақ, сын-сықақ қазір жоқтың қасы деуге болады. Бір кездердегі фельетон жанрының қай басылымнан болса да көрінбей кеткені рас. Өйткені бұл жауынгер жанр нақты деректерге құрылып, мысқылмен сынай отырып, әжуалауды мақсат тұтатындықтан, күрделі әрі күрмеуі қиындау күй кешіп қалды», депті.

***

«Шығыс Қазақстан өңіріне биыл оңай соқпай тұр. Алты ай қыс бұл аймақтың ел-жұртын қыспаққа алып еді, енді күннің көзі жылтырағалы су тасқыны халықтың мазасын алды. Аймақтағы Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра, Қызыл кесек, Жантекей және тағы басқа бірнеше ауылды өзен-көлге қосылған қар суы басып қалды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Шығыс аймақта күні бүгінге дейін 35 мың мал қырылыпты. Он мыңға жуық халық басқа жаққа көшірілді. Жүздеген үй жарамсыз боп қалды», деп жазады «Экономика» газеті. Мақаланың егжей-тегжейін бүгінгі нөмірден оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Астанада ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының саммитін өткізуге Украинаның қолдау білдіретіндігіне уәде алды. Бұл туралы Украина президенті Виктор Янукович өз еліне сапармен келген ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі, Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевпен болған кездесу барысында мәлім еткен. Сондай-ақ ол Украинаның 2013 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына кандидатурасын Қазақстанның да қолдау білдіретіндігіне сенім артқан.

Соңғы жаңалықтар