НАТО Еуропадағы жаңа «жеңіс стратегиясын» жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Алексус Гринкевич альянстың шабуылдарды тойтаруға бағытталған жаңа «жеңіс теориясын» таныстырды, деп хабарлайды Anadolu.
Генерал бұл туралы 2026 жылғы Варшава қауіпсіздік форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама кез келген шабуылды тоқтатуды, оның салдарын бейтараптандыруды және агрессия жалғасқан жағдайда қарсыластың шабуылдаушы күштерін істен шығаруды көздейді.
Гринкевич НАТО-ның басты мақсаты бейбітшілікті сақтау екенін атап өтті.
– НАТО – қорғаныс альянсы. Біздің халықтарымыз бен аумақтарымызды қорғаудан басқа жоспарымыз да, мақсатымыз да жоқ. Алайда қорғанысқа басымдық беруімізді әлсіздік немесе батылдықтың жоқтығы деп қабылдауға болмайды, – деді ол.
Бас қолбасшының айтуынша, альянсқа мүше 32 мемлекет ортақ «жеңіс теориясын» қабылдаған. НАТО қазіргі уақытта жақын болашақта әскери қақтығыс болады деп күтпейді, дегенмен кез келген жағдайға дайын болуды маңызды санайды.
– Қақтығыстардың алдын алу үшін соғысқа дайын болу қажет. Ал дайындық тек ықтимал оқиғаларға ғана емес, жүзеге асуы мүмкін түрлі сценарийлерге де жоспар құруды талап етеді, – деді Гринкевич.
Ол НАТО-ның барлау мүмкіндіктеріне де тоқталды. Генералдың сөзінше, альянс әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты заманауи барлау жүйелері мен алгоритмдер арқылы талдап, стратегиялық және жедел жағдайды тұрақты бақылап отырады.
– Бұл альянстың күтпеген шабуылға тап болу ықтималдығы төмен екенін білдіреді, – деді ол.
Гринкевич жаңа тұжырымдаманың үш негізгі кезеңін түсіндірді. Алдымен НАТО шабуылды тоқтатуға тырысады. Егер шабуыл жалғасса, оның салдарын бейтараптандырып, қарсыластың ілгерілеуіне жол бермейді. Қажет болған жағдайда шабуылға қатысқан әскери күштер мен жауынгерлік жүйелерді істен шығарады.
Оның айтуынша, альянс қарсыласын стратегиялық тұрғыдан толық жеңуді мақсат етпейді.
– Біздің мақсатымыз – кез келген шабуылды тоқтату және қарсыластың аумағымызды басып алып, бақылауда ұстауына жол бермеу. Ол үшін бізге қарсы қолданылған күштерді тактикалық және жедел деңгейде жеңу жеткілікті. Біз шабуыл жасап жатқан жауынгерлік жүйені одан әрі әрекет ете алмайтындай етіп бейтараптандырамыз, – деді генерал.
Ол НАТО шиеленісті ушықтыруды көздемейтінін, ал қақтығыс өршіген жағдайда жауапкершілік шабуыл жасаған тарапқа жүктелетінін мәлімдеді.
Гринкевич альянс жаңа тұжырымдаманы іске асыру үшін әскери дайындықты күшейтіп жатқанын жеткізді.
– Егер бізге шабуыл жасалса, бүгін түннің өзінде соғысуға дайынбыз. Бірақ бұған тоқмейілсімейміз. Күн сайын дайындалып, әскери жаттығулар өткізе береміз. Ертең бүгінгіден, ал бүрсігүні ертеңгіден де дайын боламыз, – деді ол.
Сөзінің соңында генерал НАТО-ның басты міндеті бейбітшілікті қорғау екенін тағы да атап өтті.
– Бүгін таныстырған жеңіс теориясы мені ешқашан бергім келмейтін бұйрықтарды беруге мәжбүр етуі мүмкін. Алайда соғыс басталса, біз шабуылды тоқтатып, оның салдарын бейтараптандырамыз. Ал агрессия жалғасса, шабуыл жасаушы күштерді істен шығарамыз, – деп түйіндеді Алексус Гринкевич.
Айта кетейік, бұған дейін Брюссельде НАТО елдерінің Бас штаб бастықтары бас қосып, альянстың қорғаныс әлеуеті мен қарсыласты тежеу тетіктерін талқылаған болатын.