НАТО-ның келесі саммиті 2026 жылы Анкарада өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – НАТО саммитін 2026 жылы 7-8 шілдеде өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Бұл туралы ресми түрде альянс хатшысы Марк Рютте мәлім етті.
Рютте Түркия тарапына маңызды халықаралық іс-шараны өткізуге дайындығы үшін ризашылығын білдірді.
- Мен Түркияға 7-8 шілдеде Анкарада НАТО саммитін өткізетіні үшін алғысымды білдіргім келеді, - деп мәлімдеді Рютте.
Ол сонымен қатар ұйымға мүше елдердің президенттері мен үкімет басшылары қауіпсіздік бойынша шешуші мәселелерді талқылап, заманауи қауіптерге стратегиялық жауаптар әзірлеуді жалғастыратынын жеткізді.
Бұл кейінгі 25 жылда Түркияда өтетін НАТО-ның екінші саммиті болмақ. 2004 жылы осындай іс-шара Ыстанбұлда өткен болатын. Кездесуді Анкарада өткізу туралы шешім Түркияның альянстың шешуші мүшесі әрі НАТО-ның оңтүстік қанатының стратегиялық серіктесі ретіндегі рөлін көрсетеді.
Саммиттің күн тәртібіне қорғанысты нығайту, серіктес елдерге қолдау көрсету, шығыс қанатты күшейтіп, НАТО-ны өзгеріп жатқан геосаяси жағдайға бейімдеу мәселелері кіреді.
Осыған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2026 жылы НАТО мемлекет және үкімет басшыларының саммиті Анкара қаласында ұйымдастырылатыны туралы айтқан болатын.