«Saraishyq Upgrade 2025»: Атырауда халықаралық жастар форумы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау қаласында креативті индустрия саласындағы диалог, мәдени алмасу және ынтымақтастық алаңына айналған «Saraishyq Upgrade 2025» халықаралық жастар форумы өтті.

Іс-шара Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Форумда панельдік пікірталастар, тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары өтті. Сонымен қатар кинематография, музыка, маркетинг, театр және сахналық өнер, хореография, IT және жасанды интеллект бағыттары бойынша жастар жобаларының байқауы ұйымдастырылды.
Жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен өкілдер және Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан делегаттар қатысып, барлығы 300-ге жуық адам жиналды.
«Saraishyq Upgrade 2025» форумы жастардың өзара халықаралық байланыстың жаңа форматтарына деген ерекше қызығушылығын көрсетті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, аталған іс-шара жастар дипломатиясын нығайтуға, креативті индустрияны дамытуға, мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Еске салсақ, Қазақстанда биыл 10 шетелдік университеттің филиалы ашылады. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан еді.