Наурыз мерекесі Бельгияның Брюгге қаласында тойланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бельгияда тұратын қазақтар Наурыз мейрамын туристік танымал Брюгге қаласында тойлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы тілшісі.

Наурыз мерекесі Бельгияның Брюгге қаласында тойланды
Фото: Kazinform

Бельгияның Фландриясының қақ ортасында Қазақ мәдени орталығының белсенділері жерлестері мен жергілікті тұрғындар үшін Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Іс-шара қонақтарына Бельгиядағы ұлттық диаспораларға мәдени және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Аванса» үкіметтік емес ұйымы есігін айқара ашты. 

Бес-алты бөлмеден тұратын кеңістікте ұлттық киімдер көрмесі, киіз үй әшекейлері, қазақ тағамдарынан дәм тату болды. Сондай-ақ Бельгиядағы Қазақ мәдени орталығының өкілдері қазақтың музыкалық аспаптары бойынша шеберлік сабақтарын, балаларға сурет салу сабақтарын және басқа да шараларды өткізді. 

Наурыз мерекесі Бельгияның Брюгге қаласында тойланды
Фото: Kazinform

Мерекені тойлауға жиналғандар Наурыз көже ішіп, жаңа піскен бауырсақтан дәм татты. Қатысушылардың барлығы Наурыз мейрамы – шекарасыз, туған даласынан мыңдаған шақырым жердегі жүректерді біріктіретін жаңару мерекесі екенін атап өтті. 

Қазақ мәдени орталығының директоры Ардақ Молданязова олардың бастамасы Бельгияда ресми тіркелгенін, енді қандастарымыз демалыс күндері Брюссельде тұрақты түрде бас қосып, қазақ тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйренетінін түсіндірді. Қазақ тілі мен домбыра сабағы Брюссельдегі қазақ халқының бай мәдениеті мен тілін білуге ​​ынталы кейбір бельгиялықтарды да қызықтырып отыр.  

Бельгиялық студент Лукас Моммер Бельгияда домбыра шертуді үйреніп жүргенін айтты. Ол қазақтың ұлттық аспабының үнін естігенде бірден үйренгісі келгенін жасырмады. 

– Менің атым – Лукас. Мен Бельгияданмын. Домбыраны үйреніп жатқаныма үш ай болды. Ұстазым – Қайрат. Домбыраны қатты жақсы көремін, өйткені ол өте әдемі аспап, оның үні ерекше. Басқа елдердің мәдениетін үйрену мен үшін қызық болды. Маған осындай мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын, - деді бельгиялық студент. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Лондонда Наурыз мейрамы тойланып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар