Наурыз мерекесіне қатысты бүгінге жетпеген қандай көне әдет-ғұрыптар болған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ халқында көшпелі өмірдің тоқтауымен осы күнге жетпеген, Наурыз мерекесіне қатысты дәстүр, ғұрыптар болған. Олар туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева айтты.

наурыз мейрамы
Фото: news-ru.arsu.kz

Ғалымның айтуынша, көшпелі өмірдің тоқтауымен байланысты байырғы «жұп шырақ жағу» дәстүрі сақталмай қалған.

«Бұл дәстүр бойынша екі жерден от жағылып, оның арасынан алдымен малды, яғни, қой, ешкі отары, сиыр табынын, жылқы үйірін, түйе келесін өткізген соң, екі оттың арасынан адамдардың өздері өтетін болған.

Сонымен бірге «қауақ сындыру» деген байырғы көне ғұрып болған. Жазба деректерге қарап бүгінде көп адам қауақты асқабақ деп түсініп жүр. Асқабақ деген ол тағам. Қазақтар тағамды ешуақытта аяқасты етпеген. Негізі «қауақ» деген асқабақ тұқымдасына жататын іші бос, қуыс, асқабаққа ұқсас жемістің түрі. Баяғыда қазақтар сол қауақтың ішінде тұз, қант, басқа да тағамдарды сақтаған, тіпті, одан ожау да жасаған. Көне дәстүр бойынша қазақтар бүкіл жаманшылық осымен кетсін деп «қауақ» жемісін сындырған. Ол ғұрып та бүгінгі күні сақталмаған», - деді этнограф ғалым.

Оның айтуынша, бұрында жазушы Мұхтар Әуезов жазып кеткен «қайраханды көшіру», «моғал ошақ қазу» деген секілді көне ғұрыптар да бүгінгі күнге жетпеген.

Этнограф ғалым баяғыда қазақтар Наурыз мерекесін табиғаттың ешқандай құбылысына қарамастан, дәл уақытында қарсы алып отырғанын айтты.

«Мысалы, еліміздің солтүстік, солтүстік-батыс өңірлерінде, арқада күн суық болған, ол кезде қазақтар әлі қыстауда отырған. Сонда отырып олар Наурызды, жаңа жылды уақытында қарсы алған. Ал оңтүстіктің қазақтары, сырдың төменгі ағысы, орта ағысында отырған қазақтар бұл уақытта көктеуде отырған. Олар жаңа жылды көктеуде отырып қарсы алған. Яғни, ата-бабаларымыз жылдың келуін табиғаттың құбылысымен ешқандай байланыссыз, дәл уақытында қарсы алып отырған», - деді профессор Тәттігүл Қартаева.

Соңғы жаңалықтар