Наурыз: Түп-тұқияннан бүгінге дейін

АСТАНА. KAZINFORM – Мыңдаған жылдар бойынша болмысын өзгерткенімен, түпкілікті мән-мағынасы бүгінгі күнге дейін сақталған мерекелердің бірі – Наурыз. Осы орайда агенттігінің меншікті тілшісі бағзы заманда Наурыз мерекесінің қалай тойланғанын бағамдап, уақыт өте келе қандай өзгерістерге ұшырағанын саралап көрген еді.

Наурыз: от истоков до наших дней
Коллаж: Kazinform/Pixabay

Тамырын парсыдан тартқан

Наурыз – үш мың жылдан астам уақыттан бері кеңінен аталып өтіп келе жатқан күн мен түннің теңесу мерекесі. Бұл атау парсының «нау» - жаңа және «руз» - күн сөздерінің қосылуынан пайда болған. Ежелгі парсы жерінде пайда болған мереке бойына зороастризм элементтері, түркі дәстүрі мен өңірдің өзге де мәдениеттерін сіңірген.

Көктемгі күн мен түн теңесетін 21-22 наурыз күндеріне тұспа-тұс келетін Наурыз жылдың басталғанын білдіреді. «Наурыз» сөзі алғаш рет біздің дәуіріміздің ІІ ғасырындағы парсы деректерінде кездеседі. Дегенмен, мерекенің өзі Ахменидтер (б.з.д. 550-330 жылдар) әулеті билік құрған уақыттан тойлана бастаған.

Наурыз қалай тойланды

Наурыз қазіргі Иран аумағында пайда болған ежелгі діндердің бірі зороастризммен байланысты. Көктемнің оралуы зор рухани мәнге ие: мейрам ізгіліктің зұлымдықтан, қуаныштың қайғыдан жеңісін паш етті. Аңыз әңгімелерге қарағанда қыс айларында жердің астына жасырынып, көктем келгенде жер бетіне шығатын Рапитвина деген атаумен белгілі жарты күн рухына айрықша мән берілді.

Зороастризм дәстүрінде маусым ауысуына, зұлымдықтан тазаруға және жаңа күн циклін қарсы алуға ерекше мән беріледі. Бұл дәл осы жайт мейрамның шығу төркініне айналып отыр.

Наурыз: от истоков до наших дней
Фото: instagram.com/lyoum.mena

Жәмшит туралы аңыз

Наурызға қатысты ең танымал аңыздың бірі парсы мифологиясына тиесілі. Оған қарағанда Пишдадид әулеті заманында билік құрған Жәмшит патша мейрамның негізін қалаған. Зороастризм наным-сеніміне сәйкес, дәл сол күн мен түн теңескен күні Жәмшит таққа отырып, жаңару мен берекенің символына айналған.

Сол уақыттан бері Иранда Наурызды мерекелеуді кейде Наурыз Жәмшит деп те атайды. Ал Жәмшит патшаның есімі парсылық ақын Фирдоусидің атақты «Шахнаме» эпосында аталады.

Наурыз: от истоков до наших дней
Фото: instagram.com/x_o.n.e

Отпен және сумен тазару

Бағзы заманда от және судың көмегімен тазару дәстүрі болған. Адамдар от пен жылғадан секіріп, бұл оларды зұлымдықтан тазартып, жаңа жылдан сәттілік әкеледі деп сенген. Зороастризмге қатысты өзге де көптеген мерекеде от маңызды рөл атқарады, адамдар оттың үстінен секіріп, келеңсіздіктен арылған.

От пен су арқылы тазару дәстүрі бүгінде көптеген өңірде сақталып отыр. Иранда бұл би дәстүрі Наурыз қарсаңындағы сейсенбіден сәрсенбіге қараған соңғы түні орындалады. Ол Чахаршанбе-Сури деп аталады.

Чахаршанбе-Сури Наурызға дайындықты білдіреді. Бұл – жаңа жыл алдында тазару нышаны, келеңсіздіктермен қош айтысып, өмірдің жаңа циклін қарсы алу.

От жағып одан секіру дәстүрі бүгінге дейін сақталған және әсіресе жастар арасында өте танымал. Қазіргі уақытта бұл мерекеде отшашу атып, би билеп, ән салып жатады.

Иранның қазіргі билігі бұл дәстүрге біржақты қарамайды. Бір жағынан ол мәдени мұра бөлшегі ретінде мойындалған, алайда екінші жағынан үкімет қауіпсіздік үшін пиротехникаларды қолдануды шектеуге тырысады.

Мейрам алдында үй мен ауланы тазалау, ескі әрі қажетсіз киімдерден арылу жүргізіледі. Бұл жаңа жылды тазалықпен, жоралғымен қарсы алу үшін жасалады.

«Хафт-син» мерекелік дастарханы

«Хафт-син» мерекелік дастарханында тазалық, нұр, молшылық, бақыт пен табысты білдіретін сиқырлы заттар мен тамақтар болуы керек. Дәстүр бойынша, дастарханға «син» әрпінен басталатын жеті тағам қойылады:

  1. рута дәндері – сипанд
  2. алма – себ
  3. қара дәнектер – сиёхдона
  4. жабайы зәйтүн – санджид
  5. сірке суы – сирко
  6. сарымсақ – сир
  7. өсірілген дән – сабзе
Наурыз: от истоков до наших дней
Фото: instagram.com/_.elarose._/

Сонымен қатар мерекеге арнайы жайылған дастарханда міндетті түрде сумаляк тәттісі (уытты халуа) болуы керек. Ол бидай дәндерінің шырынына қант пен ұн қосылып дайындалады. 

Наурыз: от истоков до наших дней
Фото: instagram.com/yasminkhanstories

Үстелге отбасы мүшелерінің санына сәйкес айна мен шам қойылады. Шамдарды соңына дейін жанып бітпейінше өшіруге болмайды. Дастарханға міндетті түрде үйде пісірілген нан, жаңғақтар, бадам, сүт, ірімшік, балық, жасылға боялған жұмыртқа, раушан суы, жасыл жапырақ қосылған су қойылады.

Жалпы, Наурыз мейрамында дастархан жаю дәстүрі түркі елдерінің көпшілігінде бүгінде дейін сақталған. Мәселен, Қазақстанда бұл мейрамға орай Наурыз көже пісіріледі.

наурыз көже
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстанда Наурыз қалай тойланады

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде үзілді. Қазақстанда да талай жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1989 жылдан бастап қайтадан ресми түрде аталып өте бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады.

Наурыз праздник Наурыз мейрамы
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Наурыз мейрамы күндері наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады.

Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады.

Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді.

Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі.

Семей
Фото: Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жер иесі - Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен».

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.

көкпар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Өткен жылдан бері елімізде Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойы – 14-23 наурыз аралығында тойлау басталды. Онкүндік «Наурызнама» деп аталды.

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні
  • 16 наурыз – Шаңырақ күні
  • 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні
  • 19 наурыз – Жаңару күні
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні
  • 21 наурыз– Ынтымақ күні
  • 22 наурыз – Жыл басы
  • 23 наурыз – Тазару күні

Еліміздің барлық өңірінде өтетін халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, осы мереке аясында этно ауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.

Мыңжылдықтар көктемі

Үш мың жылдан астам уақыттан бері Балқанда, Кавказда, Орталық Азия мен Таяу Шығыста аталып өтетін Наурыз мейрамы бейбітшілікті, ұрпақ ынтымақтастығын, дәстүрге құрметті насихаттайды. Ғасырлар тезінен өткен ол достықтың, кешірімшіл болудың, табиғатпен үйлесімділіктің маңызын еске сала отырып, өзінің түпкілікті мән-мағынасын сақтап қалды.

Оның жаны күш-қуаты өткенді, бүгін мен келешекті байланыстыра отырып, миллиондаған адамды шабыттандыруын жалғастырып келеді. Наурыз осыдан бірнеше мың жыл бұрынғыдай көктемнің, сенім мен үміттің нышаны болып қала бермек.

Соңғы жаңалықтар