Наурызда азық-түліктің әлемдік бағасы біршама өсті — Ұлттық банк

НБРК
Фото: Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында орталық банктің неліктен мұндай шешімге келгенін түсіндірді.

Ұлттық банк әзірге ақша-кредит саясатын ұстамды қатаң күйде сақталып қалғанына мүдделі. Базалық мөлшерлемені сақтап қалудағы маңызды да алғашқы факторлардың бірі — инфляциялық күтулер мен инфляцияның динамикасына мән беру.

— Наурызда жылдық инфляция 9,1%-ке дейін баяулағанымен, біздің болжамды траекториямыздан біршама жоғары болып шықты. Оған негізінен реттелетін қызметтердің тарифі ықпал етті. Тұрғын үй коммуналдық қызметтерінің тарифі біз күткен деңгейден жоғарырақ қалыптасты. Нақты айтсақ, инфляцияға үлесі 0,43 пайыздық тармаққа тең болды. Реттелетін тарифтермен бірге жалпы қызмет түрлерінің құны да өсті. Қызметтер инфляциясы наурызда 13,2% деңгейінде қалыптасты. Яғни, қазір ол бағаның өсуіне үлес қосып отыр, — дейді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, азық-түлік инфляциясы 6,9%-ке дейін төмендеп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,2%-ке дейін баяулаған.

НБРК
Фото: Ұлттық банк

— Айлық инфляция ақпанда күрт өссе, наурызда 0,7% болды. Оның алдында 1,1% еді. Бұл орташа жылдық динамикадан 0,6% жоғары. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмейтін инфляция көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Аталған көрсеткіштер бірнеше ай бойы бір деңгейде қалып, ақпанда бірден жеделдеді. Сондықтан, бұл — жақсы көрсеткіш. Дегенмен, бір айдың қорытындысына қарап түбегейлі өзгерістер туралы айтуға әлі ерте. Инфляция бірнеше ай бойы сенімді және орнықты түрде төмендеп жатса, базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік болады, — дейді Тимур Сүлейменов.

Екінші маңызды фактор — ішкі экономикадағы тенденциялар. ҚҰБ мәлімет бойынша, қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасы 4,2%-ке өскен.

Бұл болжамға сәйкес келеді. Экономикалық белсенділіктің едәуір өсуі ішкі және сыртқы сұраныспен барлық дерлік секторларда қамтамасыз етіліп отыр.

НБРК
Фото: Ұлттық банк

— Ішкі сұранысты сипаттайтын салалар тауарлар ұсынысын қамтамасыз ететін салаларға қарағанда тезірек өсіп жатқанын да атап өткен жөн. Бұл осы өсімнің жеткіліксіз балансын көрсетеді. Осы бағытта жұмыс істеу керек болады. Ішкі сұраныс халықтың нақты кірісінің өсуімен, инвестициялық белсенділіктің артуымен және бюджет шығыстарымен қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен, үй шаруашылығындағы тұтыну деңгейі халықтың нақты табысынан тезірек өсіп келе жатқанын айта кету керек. Бұған тұтынушылық кредиттеу аясының үздіксіз кеңеюі де себеп болып отыр, — деп атап өтті ҚҰБ басшысы.

Сонымен қатар, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, іскерлік белсенділік индексі екі ай қатарынан өндірісте де, қызмет саласында да оң динамика көрсетті.

— Кәсіпорындар су тасқыны басталғанға дейін сұраныс пен бизнес ортаның және бизнес жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Бизнес-цикл индексі 2023 жылдың басынан экономиканың өсу аймағында болып, биыл наурызда ең жоғары мәндерде байқалды. Бұл — жақсы тренд, — деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы.

Тимур Сүлейменов үшінші факторға — сыртқы экономикалық конъюнктураны жатқызды. Оның айтуынша, әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай, жалпы, тұрақты.

нбрк
Фото: Ұлттық банк

— Астық бағасы экспорттаушы елдерде тоқтаусыз жиналған астық өнімін сатуға және теңіз сауда жолдарының үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты төмендеп келеді. Сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң, — деп хабарлады Тимур Сүлейменов.

Соның нәтижесі көрсеткендей, әлемде инфляция баяулап келеді. Бірақ көп елдерде әлі де таргеттен жоғары.

Сөзінің соңын Тимур Сүлейменов инфляция одан әрі баяулайтын болса, ол базалық мөлшерлемені төмендетуге жағдай жасайды деп түйіндеді.

Соңғы жаңалықтар