Наурызнама: Маңғыстауда 189 іс-шара өтеді

анон
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстауда Наурыз мерекесіне орай 189 іс-шара ұйымдастырылады.

Өңірде 21-23 наурыз күндері аралығында 53 шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы өңірдің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, мерекеге арналған іс-шараларды дайындауға және оларды өткізуге барлық мемлекеттік құрылымдар, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер, жастар ұйымдары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері жұмылдырылмақ.

"Негізгі мерекелік шаралар 22 наурыз күні өтеді. Киіз үйлерде тақырыпқа сай ұлттық ойындардан жарыстар, қолөнер бұйымдарынан көрме, шеберлік сабақтары секілді іс-шаралар өткізіледі", - деді Гүлзайда Төлеуғалиева.

анон
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі

Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында және аудандарда «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!» атты аудандық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіледі. Бұл ретте Ақтау қаласында да арнайы іс-шаралар жүзеге асырылады.

Ақтау әкімінің орынбасары Нұртас Сали биылғы Наурыз мейрамы ерекше тойланатынын жеткізді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешіміне сәйкес Ақтау қаласы 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді. Сондықтан келесі жылғы үлкен шаралардың дайындығы мен бастауы осы Наурыз мерекесінен бастау алғалы отыр.

"Қала көшелері, ғимараттар Наурыз мерекесіне сай безендіріледі. 21 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де Амфитеатр сахнасында Абай мәдени-демалыс кешенінің «Алтыбақан» бағдарламасы ұйымдастырылады. 22 наурыз күні әдеттегідей Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында киіз үйлер қалашығы құрылады. Онымен қоса, киіз үйлерде тақырыпқа сай ұлттық өнер, ұлттық ойындардан жарыстар, қолөнер бұйымдарынан көрме, шеберлік сабақтары т.б. іс-шаралар өтпек. Сондай-ақ, 12.00-де «Бастаңғы - бақыт бастауы» атты шара басталып, 19.00-де қала өнерпаздарының мерекелік концерті және мерекелік шаралар от шашумен аяқталады", - деді Нұртас Сали.

Мерекеге орай барлық қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік шараларға белсенді қатысу арқылы салтымыз бен дәстүрімізді насихаттауға үндеу жасалып отыр.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 29 ақпан мен 3 наурыз аралығында Алғыс айту күніне орай 10 мыңға жуық іс-шара өткен болатын. Сондай-ақ, Амал мерекесіне орайда Отпан тауда бірнеше мәдение шаралар жалғасын тапты.

Соңғы жаңалықтар
telegram