17:18, 20 Наурыз 2009 | GMT +5
Наурыз ? береке мен ауызбірлікке жетелейтін әз-мейрам
АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір әлемдегі ең көне мереке саналатын Наурыз мейрамының қоғамдық маңызы мен рөлі жыл өткен сайын артып келе жатыр. Біз осыған орай Орталық Азия халықтарының төл мейрамы саналатын Наурыздың мәні мен мазмұны туралы белгілі этнограф ғалым Жағда Бабалықұлын әңгімеге тартқан едік.

- Биыл елімізде Парламент депутаттары тарапынан Наурыз мейрамын үш күн бойы тойлауға ұсыныс жасалды. Бұған этнограф ретінде сіздің ой-пікіріңізді білсек? - Өз басым бұл дұрыс жасалған ұсыныс деп санаймын. Өйткені Наурыз мейрамы өте қасиетті мереке. Ол тек қоғамның ғана емес, табиғаттың да мерекесі. Наурызда күн мен түн теңеледі. Оны ешқандай мерекемен салыстыруға келмейді. Ешқандай мереке мұнымен теңдесе алмайды. Ешқандай мейрамда мұндай ұзақ тарих жоқ.
Біздің мемлекет әлі Наурыз мейрамын өткізу жүйесінде бір пікірге келе қойған жоқ. Әркім өз білгенімен өткізуде. Наурыздың тарихын қалпына келтіру үшін жаңа деректерді іздестіру керек. Одан кейін Наурыз мейрамы алдағы уақытта 3 күн тойланатын болса, әртүрлі ұлттық ойындарды жаңғырту қажет. Сондай-ақ әр қалада ақындар айтысын өткізіп, сыбызғы, домбыра, қобызшылар сайысы мен әнші, жыршы, термеші, күйшілер жарысын және «Қыз сыны» «Жігіт сұлтаны» сияқты түрлі байқауларды өткізуге болады. Егер халықтық жолмен қалпына келтіретін болсақ жыл сайын Наурызды көркейтіп, дамытуға бізде мүмкіндік өте мол. - Наурыз мейрамын шығыс халықтарының көбі тойлайды. Олардың бұл мейрамды тойлауында айырмашылық бар ма? - Әрине әркім әртүрлі тойлайды. Біздің мереке хан бастап, елі қоштап, бірін-бірі сен қарасың, сен ақсүйексің деп алаламай, жұмған жұдырықтай, бірнеше күн бойы бүкіл халық боп атап өтуімен ерекшеленеді. Онда барлық адам бір-бірін құттықтап, тілек айтып, ренжіткен адамы болса, іздеп барып кешірім сұраған, сондай-ақ алған қарызы болса, оны ертерек өтеуге асыққан. Оны бала кезімде өзім де көзіммен көрдім. Қытайдағы қазақтарда оны қарапайым халық өзінше атап өтетін. Барлық үйде кем дегенде жеті түрлі дәм қосылатын наурыз көже жасалып, халық қыдырып жүріп, бірнеше күн бір-бірінің үйінен көже ішеді. Сондай-ақ ауқатты адамдар биылғы наурыз біздің ауылда өтеді деп бірер ай бұрын елге жариялайды. Бұл атыңды жарат, балуаныңды сайла, тойға кел деп деген сөз. Онда бірнеше күн бойы ақындар айтысы өткізіліп, ән айтылып, күй шертіліп, ұлттық ойындардан жарыстар өткізіледі. Бұл мереке наурыздың 22-сі күні басталады. - Қазір жасыратыны жоқ, соңғы жылдары көп жағдайда оны әр мекеме өзінше атап өтіп жатады. Олардың басын бір жерге қосып, біріктіріп, шын мәніндегі бүкілхалықтық мерекеге айналдыруға не кедергі болып отыр? - Бұл ең алдымен азаматтарымыздың Наурыз мейрамына деген немқұрайлығынан орын алуда. Мәселен желтоқсанның 31-індегі кештің мерекелік мән-мазмұны мен ешбір тарихы болмаса да шенеуніктер 1-2 ай бұрын дайындық жасап, көшелерді безендіріп, бүкіл мекемелерді бұл шараға ұйымдастырып отырады. Тіпті бәзбіреулер бір сәттік осы қуаныш үшін жайқалып өсіп тұрған жасыл шыршаны кеседі. Бұл мәдениетсіздік, тіпті надандық деуге болады.
Ал Наурыз мейрамы кезінде ата-бабаларымыздың керісінше көшет отырғызып, бұлақ көзін ашып, қоршаған ортаны көркейтіп отырған. Егер барлық басшы осы іске өзі ұйтқы болып әр мекемеге Наурыз мейрамы кезінде өз ауласына көшет отырғызуға үндесе бұдан ешкім ұтылмайды. Менің ойымша біз де Наурызды ағаш отырғызудан бастаумыз керек. - Кеңес одағы тұсында Наурыз мейрамына тыйым салынған кездерден кейінгі 1987 жылы оны қайта жаңғыртушылардың арасында жүрдіңіз? Алайда бұл іс тәуелсіздік жылдары өркендеудің орнына кері кетті. Бұған кедергі болған не? - Кеңес одағы уақытында Наурызды қайта жаңғыртамыз, оны мерекелейміз деген үміт бізде болған жоқ. 1986 жылғы оқиғада Колбин үлкен қателік жасап алды да, артынан қазаққа көңіл аударғансып, біраз шапағат қылған боп, бірқатар нәрсеге мүмкіндік берді. Ұлттық кейбір салт-дәстүрді айтуға, тойлауға, соны елге түсіндіруге жағдай туғызды. Сол уақытта 1987 жылы «Жерұйық» деп аталатын қоғамдық-этнографиялық ұйым құрдық. Бастығы алғашқы кезде Тоқтасын Өмірзақ, кейін Арон Атабек, ал мен олардың орынбасары болдым. Онда оншақты адам жұмыс істеді. Ең алғашқы Наурыз мейрамы Алматыдағы орталық демалыс саябағында өткіздік. Ол кезде бізге әкімшіліктің бір органы ретінде істеген жұмысымызға жалақы төленіп отырды. Жібек Әмірханова дейтін облыс әкімінің орынбасары бізге ұдайы жәрдемдесіп тұрды. Осындай жанашыр азаматтардың арқасында біз сол кезде Наурыз мейрамын ғана өткізіп қоймай, «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Әжелер сайысы», «Ақсақалдар сайысы» сияқты түрлі байқауларды өткіздік. Ал 1989 жылы Наурыз мерекесін 20-30 киіз үй тігіп қазіргі Тәуелсіздік алаңында өткіздік. Онда ақындар айтысы ұйымдастырылып, әншілер ән шырқап, күйшілер күй шертіп, наурыз көже пісіріліп, халықты мерекелік көңіл-күйге бөледік.
Ұмытпасам 1991 жылы Сыртқы істер министрлігінен бір адам телефон соқты. Орта Азия елдері наурызды әрқайсысы әрқилы тойлайды, біз қай күнге тоқтасақ болады, деп кеңес сұрады. Мен күн мен түннің теңелуі жыл сайын наурыз айының 19, 20, 21 күндеріне ауысып отырады. Сондықтан оны өткізіп барып 22-сінде тойлаған дұрыс шығар дедім. Сол уақыттан бастап бізде бұл мереке наурыздың 22-сінде атап өтілетін болды. Мен оған тағы бір өтініш айтқам. Сендер Кіндік Азия елдерінің басшыларымен сөйлесіңдер, Наурыз мерекесін бәріміз бір күнде тойлайтын болайық деп. Өкінішке қарай, ол әлі жүзеге аспай келе жатыр. - Бұл ұсынысты айтқан кезде қандай мақсат көзделген еді? - Наурыз мейрамы Орталық Азия мемлекеттерінде бір күнде тойланса жақсы болар еді. Ол береке-бірлікке жақсы. Бұл тіпті бауырлас елдер үшін зор идеологиялық маңызы бар игілікті іс болар еді. Оған ешкім оған қарсы болмайды деп деп ойлаймын. Менде әлі күнге дейін осындай бір арман бар. - Күн мен түннің теңелетін сәтін үлкен оқиға ретінде күтіп алуға қалай қарайсыз? - Оны орыстардың тәртібіне салуға болмайды. Күн мен түн наурыздың 19, 20, 21 күндері ауысып келіп отырады. Оны есептеп алдын-ала біліп отырғанның еш айыбы жоқ. Оны ресми орындар алдын-ала жұртшылыққа хабарлап отырса да артық болмайды. Алайда нақты бір күнді белгілеп, тек соған тоқтатуға болмайды. - Жалпы бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарыңызда Наурыз мейрамының тарихын Нұқ пайғамбардың есімімен байланыстраған едіңіз. Осы ойыңызды таратып айтып берсеңіз? - Аңыз бойынша Наурыз мейрамы жер бетін топан су басып Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған кезден басталады. Сол күні күн мен түн теңелген екен, Нұқ пайғамбар өз қолындағы барлық жем-шөбі мен, азық-түлігін адамдарға, малдар мен хайуандарға беріп той қылыпты. Еуропа ғалымдары Тұран ойпатын топан су басқан кезеңді біздің жыл санауымыздан бұрынғы 9 990 бірдеңе жыл деп есептейді. Ал өткен ғасырдың 60-70 жылдары Орталық Азияны зерттеген орыс ғалымдары болса, оны 11 мың жылға дейін апарған болатын. Бұлардың қай-қайсысы болса да аз уақыт емес. Осы арада бұл мерекені біздің ата-бабалармыз қай уақыттан бері тойлап келе жатыр деген сұрақ туындайтыны анық. Оған жауабым мынау. 1972 жылы Мәскеудегі Ленин кітапханасынан архивтерді ақтарып жүріп, кездейсоқ қолыма Ахмет Байтұрсынұлының емлесімен жазылған жыр түсті. Өте ұзақ екен, ерінбей түгел оқыдым. Ол Нұқ пайғамбардан 300 жылдан кейін дүниеге келген Наурыз дейтін адам туралы екен. Ол біздің ата бабаларымыз күн мен түн теңелген кезде той жасап, мерекелеген, біз оны қайтадан жалғастырумыз керек деп елге үндеу тастайды. Өзі атақ-абыройы зор, күшті адам болса керек бұл мерекені өзі бастамашы болып қалпына келтіреді. - Наурыз мейрамының атауы осы кісінің есімімен баланысты шыққан деуге бола ма? - Өз басым Наурыз мерекесінің атауын арнайы зерттеген адам емеспін. Бірақ халқымызда наурызға қатысты ат өте көп. Оған ? көктемнің алғашқы айының наурыз аталуы, күн мен түн теңелетін ұлы мерекенің Наурыз, онда жеті түрлі дәмнен жасалатын тағамның наурыз көже аталуы дәлел бола алады. Кеңес одағы кезінде бұл мерекені тойлауға Қазақстанда тыйым салынды. Қытайдағы қазақтар оны өз әлінше атап өтеді. Дегенмен Наурыз мерекесінің тарихы әлі жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Қытайлар бұрын біздің арғы ата-бабалармыз - ғұндарды менің қолымдағы 2,5 мың жыл бұрынғы бір деректе «хүн-шүн» деп атап, олардың ханының күн шығып келе жатқанда тауға шығып, қолын жайып тілек тілейтінін айтады. Оның артында қобыз ұстап отырған абыз 9 қоңыр күй тартқаннан кейін, 365 күйші 365 күй орындайды екен. Содан кейін ғана хан ұлан-асыр үлкен тойды бастауға рұқсат беріп, ол бірнеше күн бойы тойланатын суреттеп жазады. Өзгелердің осылай деп аузынан суы құрып отырғанда, оны өзіміз зерттеп білген кезде, сөз жоқ бұған дейін бізге беймәлім болып келген көп құнды дүниенің беті ашылатыны күмәнсіз. Әзірге бұл шаруаны тындыру келер ұрпақтың еншісіне қалып отыр. - Әңгімеміздің қорытындысын Наурыз батамен аяқтасақ қалай болады? - О, жарандар, жарандар!
Әз-Наурыз келді, әз-Наурыз.
Күн менен түн теңелді,
Әлем нұрға бөленді.
О тәңірім оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Бақ қарасын, қызыр дарысын,
Құт қонсын.
Ұлыстың ұлы күні болғанда,
Кеудесі жарық көк ана,
Қақ жарылып күн шықсын.
Кеудесі түкті жер ана,
Қақ жарылып көк шықсын.
Кеудесі беріш қара тас,
Қақ жарылып су шықсын.
Бойға біткен тас емшек
Қақ жарылып сүт шықсын.
Қиғағы бергек тіл-жақтан
Толғауы тоқсан ой шықсын.
Толғағы қысып тарс етіп,
Қағанағы тырс етіп,
Қазақ күткен ұл шықсын.
Қазақ жаққан от мәңгі лауласын
Түркі халықтары жаққан от мәңгі лауласын
Қазақ көтерген көк ту мәңгі желбіресін
Қазақтың елұраны мәңгі болсын, мәңгі шырқалсын!
Қазақтың тәуелсіздігі мәңгі болсын!
Шығыстың қара тасқын селінен сақтасын.
Батыстың сары қолқа желінен сақтасын.
Он сегіз мың ғаламның
Жан-жануар әлемнің
Сағанағы сарқ, қанағы қарық боп,
Әз-Наурыз келді, әз-Наурыз.
13 мың жыл тарихы бар әз-Наурыз,
Қуанышпен тойлансын, қуанышпен тойлансын!
Әумин, деңдер! - Әумин! Тілегіңіз қабыл болсын.