Наурыз дастарханын «түгендеу» керек

Наурыз - дастархан
Қазіргі күні Наурыз күні көже дайындауды халық үйренген сияқты, бірақ Наурыздың тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі бәйбішелер Наурызға дайындықты бір жыл бұрын бастайды. Ең алдымен Наурыздың басты тағамы жент дайындалады. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер «Самарқанның көк тасы жібіген күні біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға алып шығады. Сары май, қазы-қарта Наурыз дастарханының басты белгілері.
Наурыз мейрамының дастарханын байлар көтереді, олар семіртіп мүйізі шаңырақтай нән өгіз сояды. Осы Наурызға өгіз союдың өзі көне дәстүр, яғни бұл мейрам жылқыны қолға үйретпей тұрған уақытта қалыптасқан дегенді білдіреді. Жылқыны Еуразия даласында біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын үйретті десек, сиыр малын қолға үйрету одан да ертерек заманның жемісі. Шумерлер біздің жерімізден Месопотамияға қарай (Екі өзен арасы) өгізді арбаларға жегіп аттанған болса керек. Қазақты соңғы кезге дейін сақталған бұқа культі де сол заманның бір мұрасы.
Жалпы жағдайы келсін-келмесін әр қазақ Наурыз мейрамында қазан көтереді. Көрші-қолаңды шақырады, жолаушы жүрген халыққа таратады. Әр қазанда бас болуы шарт, сол себепті тым кедей деген адамның өзі қыста сойылған қойдың басы болса, алып қалып Наурыз көже пісіретін қазанға салады. Қазіргі уақытта қой сойса, оның басын шек-қарнымен қоса лақтырып жіберу орын алып отыр. Наурыз мейрамы басты қадірлеудан басталады және сол арқылы біз қазақ құндылықтарына қайтып келеміз.
Наурыз бата
Қазақ «батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді. Қазақта батагөй ақсақалдар ертеде көп болған, қазір де бар. Наурыз мейрамында тілі орамды, шешен, елге сыйлы ақсақалдар халықтың ортасында арнайы бата береді. Осы батаны «Наурыз батасы» деп атайды. Елдің бәрі шын ниетпен тыңдағаннан кейін, көңілдері босағаннан кейін, бәрі бірдей «әмин» деп жылап отырған себепті сол ақсақалдардың айтқаны келіп, елдің басы өсіп, малы көбейіп, берекесі тасады. Бұл жерде ең бастысы елдің шын ниеті. Бұл күндері де бата беретін адам табылады ғой, тек елдің іші таза, ниеті дұрыс болуы керек. Әрине бата беретін адам да дуалы ауыз, сөзі мен ісі бір болғаны жөн, әйтпесе судыратып сайрап берген дүниенің бәрі бата емес қой.
Наурызға қатысты айтылмай жүрген бір дәстүр бар. Мәшһүр Жүсіп «Ол күні қожаларға оқытатын, наурызға арналған кітап болады» дейді. Наурыз мейрамы басталғанда ғалымдардың дәрісін тыңдау керек, әр жерде ғалымдармен кездесулерді ұйымдастыру керек. Егер біз Наурыз мейрамын қайта жаңғыртамыз десек осы күні той тойлап, ән-күйді қызықтаумен қатар ғылым адамдарына да ерекше бір құрмет жасалғаны жөн. Пайғамбарымыз айтқан ғой «отыз күн оразаның сауабынан бір күн ғылыммен айналысқанның сауабы көп» деп... Қазақтың байлары осы күні ғалымдарға арнайы сый беріп жатса оған мерей, байға сауап, елге мереке емес пе?!