Наурыз - мемлекетшілдігіміздің де айқын ен-таңбасы - жазушы Жәди Шәкенұлы
Қазақ ұлтының тағдыры тарих талқысына түскен ауыр жылдарда төл мейрамымызды ашық, әшкере тойлай алмайтын зар заманды да басымыздан өткіздік. Ал бүгінгі күні Тәуелсіз қазақ жерінің әр түкпірінде наурыз мейрамы хал-қадірінше аталып өтіп жатыр. Сол сияқты шетелдегі қандастарымыз да өз рухани түп-тамырынан ажырап қалмай, тіршілік болмысының жаңарып, түлеуі іспетті мерекені ерекше мәнмен Жыл басы санап тойлап келе жатыр. «ҚазАқпарат» тілшісі белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлымен Наурыз мейрамының өткені мен бүгіні жайлы, жалпы Наурыз мейрамын қалай атап өтіп жүргеніміз туралы ой бөліскен еді.
"Біздің балалық шағымыз ерке Ертістің жағасында Өр Алтай жерінде өтті. Көне түркілердің алтын бесігі болған киелі аймақтың тасын шертіп қалсаңызда сыңғырай жөнеледі. Көне тарихтың күмбірін естисің. Шежіреге бай. Үлкендер: «Алтайдың асты толған алтын, сондықтанда адамдары да асыл болады» немесе «Алтайдың суы тентек, ағыны қатты болғандықтан төгілетін қаны да көп болады» деген тәмсілдерді айтушы еді. Осы өңірде өмір сүрген патшалар болсын, тарихи оқиғалар болсын Алтайды соқпай өтпейді. Сондықтан да біздің мекен көнеге де, жаңаға да алдымен куә болушы еді. Сол куәлік ететін ескі дәстүрдің бірі - осы Наурыз болды. Бала күніміз «мәдениет төңкерісі» аталған солақай сойқанға тура келсе де әжелердің аузынан «әз-Наурызға» қанығып өстік. Қытай саясатындағы жылымық кезеңнен бастап (1978-1979 жылдардан) Наурыз мейрамы жалпылай атап өтіле бастады. 1980 жылдардан бері қарай қытай қазақтары наурызды жыл басы ретінде ерекше тойлап келеді. Қытай мемлекеті де оны арнайы мереке ретінде таныды.
Наурыз мерекесі қытымыр қыстан аман өтіп,жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан оны қазақтар «Самарханның көк тасы еріген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананның тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
«Соғым басын» бере алмаған отбасылар мұны кейде осы наурызға орайластырады. «Еске алсаң ескі асыңнан сақта», немесе «қыстың сүрісін ұзын сары келгенде жейміз» дейтін қазақ ауылдары арнайы сақтап келген малдың ең кәделі мүшелерін осы күні қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе бір жақ шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая салып қазан толтыра ет асады. Ет сорпасына «көп көже» қайнатады. Көжеге салынатын тағам 7-ден кем болмауы керек. Жұрт ортаға ақсақалдарды алып қыдыра жүріп көже ішеді. Кейінгі кездері арнайы шақыратын салт та қалыптасты.
Бұл күні тек ет жеп, көже ішіліп қана қоймай «Наурыз» жыры бастаған өлең-жырға да орын беріледі. Қазақтар ұлттық дәстүрдегі қазақи киімдерін киіп мереке сәнін асырады. Кейде ат шаптырып, балуандарды күрестіріп, жұмбақ шешу секілді ойындар қоса жүреді.
Жалпы алғанда Наурыз мейрамы мұсылман жұрттарының, түркі халықтарының, соның ішінде түркінің қара шаңырағын басып отырған қазақ халқының төл болмысына өте жақын. Бір жағынан табиғат мінезімен сәйкессе, екінші жақтан халықтың ішкі бірлігі мен берекесін асырып, осы орайда той тойлау ғана емес, ата-баба дәстүрі туралы ұрпаққа сабақ беру, спорттық өнерге баулу секілді көп түрлі қазыналық қажетттілікті қамтиды.
Наурыз мерекесін ұлықтау, оны ұрпақ санасына сіңіру жаһандану үрдісінен туындайтын жағымсыз өзгерістердің алдын алуда да ерекше рөл атқарады.
Сондықтан Наурыз мерекесінің мемлекеттік деңгейдегі мейрам ретінде аталуын атадан балаға жалғасқан асыл дәстүріміз ғана емес, бүгінгі мемлекетшілдігіміздің де айқын ен-таңбасы деп білуіміз керек",-дейді Жәди Шәкенұлы.