Наурыз мерекесінде Қазалыда этноауыл бой көтереді - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні - 22 наурызда Қазалы ауданы орталығындағы алаңда этноауыл орналастырылады, деп хабарлайды аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
None
None

Ұлыстың ұлы күніне арналған дайындық жұмыстары Қазалыда қазірден-ақ басталып кетті. Бүгінде Қазалы ауданында қала, кент, ауылдық округтерді тақырыптық безендіру жұмыстары жүргізілуде.

Мереке аясында халықтың барынша көп қатысуын қамтамасыз ету мақсатында театрландырылған қойылымдар, концерттер, ұлттық дәстүрді бейнелейтін сайыстар мен спорттық жарыстар, қайырымдылық көмектер ұйымдастырылмақ.

22 наурыз күні Орталық алаңда 6 киіз үй, жастар шатыры және этноауыл орналастырылатын болады.

Этноауылда ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын көріністер: келі түю, ауылдағы той көрінісі, зергерлік бұйымдар орналастыру, әжелер ансамблінің өнері, ұлттық тағамдар ұсыну сынды қазақы ауылдың наурыз мерекесін атап өту барысы бейнеленбек.

Шараның маңыздылығына баса мән берген аудан әкімі Бақыт Дүйсенұлы сала басшыларына тек концерттік бағдарламалар, көпшілік серуендер ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмай, ізгілік мерекесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тұрмысы төмен, қамқоршысы мен қорғанышы жоқ отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларды кеңінен өткізуді жүктеді.

Соңғы жаңалықтар