Наурыз мейрамы - Орта Азиядан Балқан елдеріне дейінгі барша түркі әлеміне ортақ құндылықтардың бірі - Түркия Елшісі О.Тузель
- Құрметті Елші мырза, Қазақстан тәуелсіздігін алған мезеттен бастап бауырлас Түрік елімен достық әрі бауырластық қарым-қатынастарды мығым орнатты. Осы ретте, бүгінгі таңдағы екі елдің көпжақты ынтымақтастығына қалай баға берер едіңіз?
- Түркия 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елін ең бірінші мойындап, Қазақстанда өз өкілдігін ашу туралы шешімін алғашқы болып қабылдаған ел. Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі мерзімде барлық салада қарқынды түрде дамып, қазіргі таңда халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналған және өз өңірінің көшбасшысы болып отырған Қазақстанмен арамыздағы қарым-қатынас саяси тұрғыдан ең жоғары деңгейде. Саяси саладағы жемісті ынтымақтастығымыз бен жоғары деңгейдегі басшыларымыздың арасындағы тығыз байланыстың айғағы ретінде елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас та серпінді дамып келеді. Қазіргі кезде 4 миллиард АҚШ долларынан асып түскен екіжақты сауда айналымын екі мемлекеттің басшылары белгілеген мақсатқа сәйкес, жуық арада 10 миллиард АҚШ долларына жеткізу бағытында күш-жігер жұмсаудамыз.
Қазақстан мен Түркия арасында тек қана екіжақты емес, сонымен қатар халықаралық тұғырнамаларда да табысты ынтымақтастық орнаған. Бұл тұрғыдан алғанда халықаралық ұйымдар аясында да Қазақстанмен тығыз байланыста екенімізді атап өткім келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы сынды ұйымдармен қатар, Қазақстанның және Қазақстан Президенті Н.Назарбаев мырзаның жеке өзінің қосқан елеулі үлестері арқасында құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі әрі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі секілді көпжақты платформалардағы ынтымақтастығымыз күн өткен сайын нығайып, тереңдей түсуде.
- Түркияда өте жақсы дамыған салалардың бірі құрылыс екендігі белгілі. Ал Қазақстанның 2017 жылы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге ниет танытып отырғандығын жақсы білесіз. Жалпы, түрік құрылыс компаниялары осы көрме аясында салынатын нысандар құрылысына қатысуға ниет танытып отыр ма?
- Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы әрі көреген жетекшілігі арқасында күн сайын дамып, құқықтық және техникалық негіздері жетіліп келе жатқан, жыл сайын шамамен 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып, Азия мен Еуропа арасында алып көпір рөлін атқарып отырған Қазақстанның дамуына түрік іскерлері де елеулі үлес қосып отырғаны сөзсіз. Түрік компанияларының Қазақстандағы қызмет саласына көз жүгіртер болсақ, олардың әсіресе қазақ халқының күнделікті тұрмыстарына қажетті салаларға инвестиция құйғандарын айтуға болады. Атап айтқанда, қонақ үй және маркетинг секілді елдің қызмет көрсету секторын жетілдіруге әсер ететін салаларды дамытып, қазақ бауырларымызды дәрі-дәрмек және денсаулық үшін қажетті басқа да өнімдермен, киім және үйге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде. Қысқасы, қазақ халқының өмір сапасын көтеруге үлес қосушы озық кәсіпкерлердің алдыңғы қатарында түрік іскерлері бар екендігі анық.
Сондай-ақ, түркі әлемінің ең жас елордасы - Астанадағы көркем жобалардың көбісін түрік мердігерлері қиын ауа-райы шарттарына қарамастан қысқа уақытта сәтті іске асырғанын білеміз. Сол сияқты, түрік мердігерлік фирмалары Қазақстанның Астанада өткізетін ең маңызды шараларының бірі - «ЭКСПО-2017» көрмесіне де үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өткім келеді. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында жүзеге асырылатын және Астанаға үлкен абырой әкелетін құрылыс жобаларын қолға алғысы келетін, бұл салада қаншалықты тәжірибелі екендіктерін Қазақстанға дәлелдеген түрік іскерлері қазіргі таңда жергілікті құзыретті мекемелермен келіссөздерін жалғастыруда. Түрік іскерлерінің аталған жобаларға қатысуы «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде және сәтті өтуіне зор үлестер қосары сөзсіз.
- Елші мырза, Наурыз Түркі халқына ортақ мейрам. Ал осы мейрам сіздің елде қалай атап өтіледі?
- Наурыз мерекесі Түркия Республикасында 1995 жылы мереке болып қабылданып, мемлекеттік деңгейінде мерекелене бастады. Алайда, Наурыз мерекесін атап өту дәстүрі түріктерде көп жылдар бұрын басталған. Мысалы, Осман империясы кезінде Наурыз мейрамына ерекше көңіл бөлінгенін білеміз. Сарай ақындары Наурыз күндері сұлтандарға «неврузие» деп аталатын мадақтау өлеңдерін арнаған. Қасида деп аталатын бұл өлеңдерде табиғаттың жаңаруы мен жандануы, ауа-райының жылынуы жырланған. Дәл осы күні сарайдың бас жұлдызшысы жаңа күнтізбе дайындап, сұлтанға ұсынған және бұл үшін сұлтаннан «неврузие бахшиши» деп аталатын сыйлықтар алатын болған. Сондай-ақ, сарайдың бас дәрігерлері түрлі дәмдеуіштерден «неврузие» пастасын дайындап, сұлтанның жанұясына және басқа да лауазымды тұлғаларға ұсынған. Уақыт өте келе бұл дәстүр өзгеріске ұшырап, «неврузие» пастасы Наурыз күндері жасалатын тәттіге айналды.
Наурыз дәстүрі Анадолының түрлі аймақтарында «Султан-ы неврузие», «Невруз султан», «Март докузу» және «Март бозуму» деген атаулармен жалғасуда. Аталған күндері халық бір-бірін құттықтайды, жайлауға шығады, құрбан сойып, түрлі тағамдар дайындайды, ән шырқап, ойындар ойнайды, тілектер тілейді. Жалпы айтқанда, әр аймақ бұл атаулы күнді өзіндік әдет-ғұрыптармен мерекелейді.
Түркияда Наурыз мерекесі жоғарыда айтып өткеніміздей 1995 жылдан бері 21 наурызда Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастыратын іс-шаралармен Анкара қаласында және жергілікті басқару органдарының қолдауымен өзге де қалаларда атап өтіледі. Анкарада өтетін іс-шараларға басқа аймақтар мен бауырлас мемлекеттерден де өкілдер қатысады. Наурыз мерекесін атап өту шаралары барысында бұл күннің мәні мен мағынасы туралы баяндамалар жасалады, өлеңдер оқылады, ұлттық киімдер киіледі, жиналған қауым жағылған оттың үстінен секіреді, ағаш егеді. Түркияда Наурыз мерекесін атап өту көлемі мен ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Осы жылы, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған мәліметтерге сәйкес, Мәдениет және туризм министрлігі алғашқы рет Түркияның барлық аймақтарын қамтитын үлкен концерттік шаралар ұйымдастыруда. Атап айтқанда, Наурыз мейрамына орай биыл жеті аймақтағы 36 қалада Өнер басқармасына қарасты мәдениет орындары 15-25 наурыз күндері аралығында концерттер өткізеді.
- Сіздің пікіріңізше, Наурыз барша бауырлас түркі халықтарының басын қосып, бір-біріне жақындата түсерлік ұлық мейрамға айнала ала ма?
- Халықтар арасындағы ынтымақ пен келісімді қамтамасыз ететін өлшемдердің бірі сол халықтар бөлісетін ортақ құндылықтар екені белгілі. Наурыз мейрамы - Орталық Азиядан Балқан елдеріне дейін барша түркі әлемінде ұзақ жылдардан бері тойланып келе жатқан ортақ мереке және ортақ құндылықтарымыздың бірі. Өзіңізге мәлім болғандай, Түркiтiлдес мемлекеттер мен халықтардың мәдениетi мен өнерiн дамыту жөнiндегi халықаралық ұйымның (ТҮРКСОЙ) бастамасымен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2010 жылы 21 наурыз күнiн «Халықаралық Наурыз күнi» деп белгiлеу туралы қаулы қабылдаған. БҰҰ деңгейінде де мерекелене бастаған Наурыз мейрамы осылайша тек қана бауырлас түркі халықтары арасында тойланумен шектеліп қалмай, халықаралық мереке ретінде әлем халықтарының басын қосып, жақындата түсерлік ұлық мерекеге айналды.
- Сұхбат соңында барша Қазақстан халқына Наурыз мейрамына орай тілегіңізді білдірсеңіз?
- Қазақстанда Наурызға байланысты ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға өткен жылы бірінші рет қатысып, бұл мерекенің еліңізде қуанышты көңіл-күйде, бауырластық сезімдермен атап өтілетініне куә болу мүмкіншілігіне ие болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, барша бауырларыма келісім мен ынтымақтастыққа кенелген денсаулық, бақыт және өркендеу тілеймін!
- Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!