14:08, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Наурыз мейрамы үш күн тойланып, Конституция күні ұлттық мереке ретінде жарияланады, ал Республика күнінің мәртебесі өзгертіледі ? заң жобасы
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР мерекелер туралы заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасы бойынша Наурыз мейрамын наурыздың 21-23-і аралығында тойлау, Конституция күнін ұлттық мереке ретінде жариялау және Республика күні мәртебесін өзгерту көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы өткен жылы қазақ үшін қадірлі болып табылатын «Наурыз мейрамын» жаңа тұрпатта мерекелеу қажеттігін айтып, осы іске бастама көтерген болатын. Осыған орай, Әділет министрлігі «ҚР мерекелер туралы» заңына өзгерістер енгізген. Ол бойынша заң жобасында наурыздың 22-сінің орнына наурыздың 21-і мен 23-і аралығын «Наурыз мейрамы» мемлекеттік мерекесі деп белгілеу көзделді. Наурыз мейрамын үш күн бойы мерекелеу оның жалпы адамзаттық құндылықтарды бекітудегі маңызын, Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы рөлін мойындау болып табылады.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Кенжеғали Сағадиев үш түзету енгізді. Атап айтқанда, депутат ұсынысы бойынша Конституция күні (тамыздың 30-ы) мерекесінің мемлекеттік мәртебесіне ұлттық мейрам мәртебесін беру сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне (желтоқсанның 16-сы) мемлекеттік мереке мәртебесін беру қарастырылады. Сонымен бірге, мерекелер тізбесінен Республика күнін (қазанның 25-і) алып тастау көзделеді. «Республика Конституциясы біздің мемлекетіміздің негізгі Ата заңы болып табылатындықтан бұл күн ерекше мәртебеге - мемлекеттік әрі ұлттық мәртебеге ие болуға лайықты әрі барлық мемлекеттік органдарда, ұйымдарда ұлттық мереке ретінде тойлануы тиіс. Үкімет депутат тарапынан жасалған осы ұсынысты қолдайды. Сондықтан да, заң жобасы бойынша Наурыз мейрамы наурыздың 21-23-і аралығында мерекеленетін болады. Ал Конституция күні ұлттық мереке болып жарияланып, Республика күнінің мәртебесі өзгертіліп, ол күн тек саяси маңызды күн ретінде ескерілетін болады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Зағипа Балиева.
Бірқатар пікірталастан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады. Енді құжат Парламент Сенатының талқылауына жіберіледі.