Наурыз мейрамының Жаңа Жыл ретіндегі мерекелік мәнін көтере түскен ләзім
Наурыз мейрамының және бір ерекшелігі - бұл күні жақсы тілек тілеу, араз ағайынмен жарасу, табысу секілді адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, осының өзі адам баласын жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды.
Наурыз - ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды.
Осыдан біраз жыл бұрын БҰҰ деңгейінде қолдау тауып, халықаралық қауымдастық тарапынан ең ежелгі мерекелердің бірі болып табылатын Наурыздың мәртебесі көтерілді. Қазақстан да төл мейрамын тойлауды ресми түрде үш күнге ұзартты. Шындығында, Қазақстанда мереке деңгейінде үш күнге созылатын бірден бір мейрам - Наурыз. Осының өзі төл мерекемізге жаңа жылдық сипат беретін бастапқы жоралғының жасалғанын білдіретін секілді. Дегенмен, ендігі күні елімізде Наурызды Жаңа жыл ретінде ресми әйгілеудің кезі жеткен сыңайлы.
Шындап келгенде, атынан белгілі Наурыз - жылдың басы, күннің жаңасы. Бұл қазақтың өзі ертеден айтып жүрген, ешқандай да дәлелді қажет етпейтін Жаңа жылы! Ендеше, үш күндік мерекелеуді белгілегеннен кейін, Наурызды ресми Жыл бастауы деп жариялау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс.
Бұндай бастамаға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та бірнеше мәрте қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуы тиістігін алға тартқан болатын. Мәселен Президент бұрнағы жылы: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әруақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, Наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», деген болатын.
Шындығында, Наурыз - нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда да шынайы жаңа жыл мерекесі. Күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы. Сол үшін де бұндай Ұлық күнді Жаңа жыл деңгейінде атап өту - Наурызды мерекелеудің мазмұнына да, ауқымына да жаңаша көзқарас қалыптастыратын, жалпыхалықтық тойға айналатын еді.
Екінші бір қырынан алғанда, қазақ үшін Наурыз - бұл ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі. Мәселен, өткен ғасырдың басында Алаш арыстары осы Наурызды барынша насихаттай отырып, ұлттың рухын көтеруді, мереке арқылы оны баянды етуді мақсат қылғаны да белгілі. Қазаққа Наурызды Жаңа жыл ретінде, Жыл басы ретінде белгілеу қажеттігі туралы мәселені де алғаш сол Алаш көсемдері көтеріп кеткен болатын. «Наурыз - қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді...Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз - Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді», деп жазады «Қазақ» газеті.
«Мейрам - ұлттың жеке‑жеке болған мүшелерін біріктіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер. Мейрам болған соң, тірі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болуы керек. Наурыз мейрамы да мұндай мейрамдардың біреуі. Март келеді. Табиғат қыстан шығады. Ызғарлы суық бәсеңдейді, әуеге бір ортақшылық, жанға бір кеңдік келеді. Күншығыс халқының сүйкімді жанын майдалығымен сипаған әдемі күндер, жан‑жануар, шөптерге жан беретін ауамен сәулелі һәм нұрлар келеді», дейді «Қазақ» газеті.
Ендеше тәуелсіз Қазақстанның бұл тұрғыдағы алдағы басым міндеті Наурыз мейрамының Жаңа Жыл ретіндегі ұлттық мәнін көтеру, мемлекеттік маңызын тереңдету болғаны ләзім.