Наурыз - үкілеген үміттер мерекесі - Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев
«Ғасырлар қойнауынан күні бүгінге дейін жетіп отырған көктемнің әсем мерекесі - Наурыз мейрамы табиғаттың қайта түлеуінің, жаңаруы мен жаңғыруының белгісі іспеттес. Ол сондай-ақ қоғамдағы татулық пен бейбітшілікті нығайтады. Бұл үкілеген үміттер мен асқаралы сезімдердің мерейлі мерекесі, бірлік мейрамы. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде татулық пен өзара түсіністік салтанат құрып отырғанын айта кеткен жөн», - деді облыс әкімі Бауыржан Әбдішев мерекеге жиналған көпшілік қауымға арналған құттықтау сөзінде. Ол сондай-ақ көптеген елдердегі тәрізді, Қазақстанда да Наурыздың мемлекеттік мерекеге айналғанын атап өтті. «Бұл мерекенің ғибраты мол ғұрыптары мен тағылымды дәстүрлері жоғары руханияттылығымен ерекшеленеді. Бұл бүкілхалықтық мерекені бірігіп атап өту жақсы дәстүрге айналды», - деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, Б.Әбдішев өңір тұрғындарына табыс пен сәттілік тілеп, арман-үміттерінің ақталуына ізгілігін білдірді. «Ұлыстың ұлы күні сіздердің жақындарыңыз бен туған-туыстарыңызға, туған өлкеміз - киелі Сарыарқа жеріне барынша көп жақсылық пен молшылық әкелсін», - деп ізгі тілегін білдірді әкім.