Наурыз - жаңарудың, жаңғырудың мерекесі

Бір сөзбен айтқанда, әр қазақтың асыға күтетін мейрамы Наурыз - табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған ерекше мереке. Осыны терең ұғына білген бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Айнала көгеруге қамданып, дүние жаңарып, құлпыра құбылып, жер жаһанға шаттық пен қуаныш сыйлайтын, ізгіліктің нұры төгілетін мейрам осы. Ең ақыр аяғы Мәшһүр-Жүсіптің айтатыны секілді «Наурыз - қазақтың қазақ болғалы сыбағасына тиген жалғыз мейрамы».
Түптеп келгенде, дін мен тілге, ұлт пен ұлысқа бөлмейтін, барша қауымды татулыққа тартып, ұлыстарды ұйысуға шақыратын Наурыз мейрамының және бір ерекшелігі - бұл күні жақсы тілек тілеу, араз ағайынмен жарасу, табысу секілді адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, осының өзі адам баласын жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Араз ағайынның былтырдан қалған ренішін ұмыттыратын кез де осы - Наурыз. Бұл жайында Қазақ халқы мен Орта Азия халықтарында Наурызға қатысты «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деген сөз де қалған. Мұның осылайша «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп аталуын бірқатар этнографтар Самарқан қаласындағы белгілі ғалым Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелері белгіленген үлкен көк тасқа дәл осы Ұлыстың Ұлы күні күн сәулесі тікелей түсетінін, соның салдарынан әлгі көк тас жибитінін айтады. Бұл солай да болуы бек мүмкін. Дегенмен, ағайындар арасында араздықты жарастыру барысында осы мәселе алға тартылып «Самарқанның көк тасын жібіткен Наурызда сен неге жібімей отырсың» деп ренішін ұмыта алмағандарға қаратып айтады. Сосын сол ренішті жаңа жылда мүлдем еске алмауға тырысады. Бұл да жұртты жарастырудың бір жолы.
Түбі бір түркі жұртының төл мейрамы - Наурыз - ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды.
Кейбір деректерге қарағанда, әлемнің 30-дан астам елінде 300 млн.-ға тарта халық бұл мерекені тойлайды. Ал тарихына келсек, бірқатар зерттеушілер түп төркіні Орталық Азиядан таралды делінетін осынау көне мерекенің 3000, енді бірі 5000 жыл бойы тойланып келе жатқанын алға тартады. Осыдан біраз жыл бұрын БҰҰ деңгейінде қолдау тауып, халықаралық қауымдастық тарапынан ең ежелгі мерекелердің бірі болып табылатын Наурыздың мәртебесі көтерілді. Ал Қазақстан да төл мейрамын тойлауды ресми түрде үш күнге ұзартты. Шындығында, Қазақстанда жалпыұлттық мемлекеттік мереке деңгейінде үш күнге созылатын бірден бір мейрам - Наурыз. Осының өзі төл мерекемізге жаңа жылдық сипат беретін бастапқы жоралғының жасалғанын білдіретін секілді. Атынан белгілі Наурыз - жылдың басы, «Күннің Жаңасы». Бұл қазақтың өзі ертеден айтып жүрген, ешқандай да дәлелді қажет етпейтін Жаңа жылы! Ендеше, үш күндік мерекелеуді белгілегеннен кейін, Наурызды ресми Жыл бастауы деп жариялау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс.
Бұндай бастамаға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та бірнеше мәрте қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуы тиістігін алға тартқан болатын. Мәселен Президент бұрнағы жылы: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әруақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, Наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», деген болатын.
Наурыз - нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда да шынайы жаңа жыл мерекесі. Күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы. Сол үшін де бұндай Ұлық күнді Жаңа жыл деңгейінде атап өту - Наурызды мерекелеудің мазмұнына да, ауқымына да жаңаша көзқарас қалыптастыратын, жалпыхалықтық тойға айналатын еді.