«Наурызда Қазақстан азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеу керек пе?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси бағытын айқындайтын "Қазақстан-2050" Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзат өркениетін ХХІ ғасырда күтіп тұрған он жаһандық сын-қатерді атап айтқан болатын. Әйтсе де, олардың бір-бірімен өте тығыз байланысты екеніне қарамастан, ерекше мән беруге сұранып тұрған үлкен сын-қатер Үшінші индустриялық революция екені күмән тудырмайды. Өйткені, адамзат өркениеті қазір әлгі революцияның табалдырығында тұр», - деп жазады Сенат депутаты Әділ Ахметов «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Үшінші индустриялық революция бізден қандай әзірлікті талап етеді?» деген тақырыптағы мақаласында. Сенатор алға тартқан ресми деректер бойынша, қазіргі кезде әлемде 442 атом реакторы электр энергиясын өндіреді. Олардың ішінде: АҚШ-та - 104, Францияда - 59, Жапонияда - 54, Ресейде - 31, Ұлыбританияда - 23, Германияда - 19, Оңтүстік Ко­реяда - 16, Канадада - 14, Ук­раинада - 13, Швецияда 11 реактор жұмыс істеп тұр. Электр энергиясына сұранысының 50 пайыздан жоғары мөлшерін АЭС арқылы қамтамасыз ететін бес мемлекеттің қатарына Литва (80%), Франция (76%), Словакия (57%), Бельгия (55%) және Швеция (51%) жатады.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекет басшыларына Наурыз мерекесіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Атап айтқанда, жеделхат Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев­ке, Ауғанстан Ислам Респуб­ликасының Президенті Ха­мид Карзайға, Иран Ислам Рес­пуб­ликасының Президенті Махмұд Ахмадинежадқа, Қырғыз Респуб­ликасының Президенті Алмаз­бек Атамбаевқа, Тәжікстан Рес­пуб­ликасының Президенті Эмо­мали Рахмонға, Түркіменстан Пре­зиденті Гурбангулы Бердімұхамедовке, Өзбекстан Рес­­пуб­ликасының Президенті Ислам Каримовке жолданды.

***

Қасиетті Жер-ана ақ көрпесін ысырып тастап, жасыл желекті көйлегін киді. Күннің көзі күлімдеп, ғалам мейірімді бір ананың кейпіне еніп, тіршілік атаулы жаңарып, жаңғырып жатыр. Әз-Наурызда төл жаңа жылымыз да босағамызды аттап, адамзат атаулы шат-шадыман күйге енген. Ақ жаулықты аналарымыз қыстан қалған бар жылы-жұмсағын қазанға салып, наурыз көже пісіріп, мәре-сәре. Әрине, әр қазақ баласы жылыстап жеткен Жылан жылынан тек жақсылық күтетіні хақ. Сол үміт еткен жақсылықтың баянды болмағы, Әз-Наурыз өз биігінен, өз орынтағынан көрінуі үшін не істемек керек? Мәселен, төте жолды «Алаш айнасы» газетінің тілшісі «Әз-Наурызды шекараны жауып тастап тоғыз күн тойлау керек пе?» деген сауалдан іздейді. Тілші осы мәселеге байланысты өз ой-толғаныстарын айта келе нақты фактілерді де келтіреді.

Әлемнің бірқатар елдерінде ұлттық киімді міндеттейтін ішкі тәртіп бар. Әсіресе шенеуніктерге қатысты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Алысқа бармай-ақ Грузия, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінен ұлттық киімді міндеттеудің әр түрлі жолдарын көруге болады. Жыл он екі ай қазақы ою таңбаланған киім киіп жүруді міндеттемесек те, дәстүрлі мерекелерімізде қазақша киінетін үрдіс қалыптастыруға бола ма? Бұл бір жағынан жастарға өнеге боларлық бастама. Алайда біреулер мұны адам құқына нұқсан келтіреді дегенді айтса, енді біреулер бұл шара төл руханиятымызды жаңғыртатын, тәрбиелік мәні бар ұсыныс дегенді алға тартады. «Алаш айнасы» газетінің «Наурызда Қазақстан азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеу керек пе?» деген сауалына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев қосылатынын айтып, «Ия» деп жауап берсе, ал қарсы пікірді экс-депутат, қоғам қайраткері Тасбай Симамбаев мықтап ұстанып, «көтерілген ол тақырып адам құқын бұзумен пара пар» деп отыр.

Соңғы жаңалықтар