Наурыздың келген сәтін қазақтар қалай анықтаған
Осы мәселелер төңірегінде елімізге белгілі тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаевтың әлеуметтік желідегі жазбаларымен оқырманға бөліскенді жөн санаған едік. Ендеше...
Бабаларымыз күн мен түннің теңелген, яғни Наурыздың келген сәтін қалай анықтады ?
Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 9 наурызды айтатын, бұл ескі юлиан есебі бойынша. 1918 жылы Совет үкіметі еуропалық календарьды қолдану жөнінде декрет қабылдап бұрынғы есепке 13 күн қосты. Осылайша біз қазір Наурызды 22 наурыз күні тойлап жүрміз. Батыс өлкенің қазақтары совет календарь реформасын мойындамай әлі де 14-нен бастап Наурызды тойлап жүр. Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын есепшілер болған, олар сәл өзгеріс болса елге хабарлап отырар еді. Себебі аспан денелері де мәңгілік қозғалыстағы тірі дүниелер, алашақ, берешектері болады. Осыған қарағанда дәл тепе-теңдікті шығару қазір астрономдардың міндеті, ондаған-жүздеген жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз.
Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға бір табан жақын болған. Сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мерекесін Батыс Қазақстанда қалыптасқан 14 наурыздан «Көрісуден» бастап тойлағанымыз жөн. «Көрісу» 22 наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып Күн мен Түннің теңелген сәтін тосып, бір-бірімізді құттықтап, мемлекет астанасында, ірі қалаларда от шашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс. Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері бастап алдын ала Наурызбен құттықтау шараларын ұйымдастырып жатсақ қандай тамаша?! Бізде әлі күнге дұрыс құттықтау открыткалары да жоқ. Наурыз мейрамын күннің жылыған уақытына ауыстырамыз деген ешқандай не ғылыми, не адами қисынға жатпайды, халықтың дәстүрін, ғылымды сыйлаған адамдардың айтатын сөзі емес.
Наурыз мейрамы неше күн тойланды?
Шежіре деректері Наурыз мейрамы сегіз күн қатарынан тойланады дейді. Қазақтың қариялары «орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той-мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған» дейді екен. Болса болар дейміз, себебі қазақ бір жағынан кең халық, екінші жағынан қонақжай. Қазақ шежіресі «наурыздаманы қай жерде асқан атақты бай болса, сол бай қылады екен» дейді. Біздің қазіргі байлар кіріссе Наурыз мейрамы да жайнап кетер еді. Үкімет және қоғамдық ұйымдар, әсіресе жастар белсене кірісіп Наурызды қайырымдылық және мейірімділік мерекесі қылып өткізген жөн.
Қазақ хандығы дәуірінде Наурыздың бірінші күні ханның өзі бастап орда қалың елдің ортасына шығады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолжазбасында Наурыз тойы ханның сарайының алдында басталады дейді. Есепшілер Наурыз кірді, күн мен түн теңелді деген соң «патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!»- деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!»- деп». «Жандыда күн мен түннің теңелгенін балық біледі» деп хан өзі бас болып бір керсен суға балық жіберіп, оның бір аунап түскенін қарап отырады дейді.
Қазақтың басты азаматтары да ертеде Наурызды сегіз күн бойы тойлайтынына мына бір дерек куә: «Би Едіге - Айдабол Пәлі Төлебайдың баласы. Едіге би Баянауланың бауырынан жүз кісі болып, атқа мінді дейді: «Қызылтауда Сәти тасында отырған Мырзағұл баласы Сәти мырзаға барып, наурызды қылдырамын!»- деп. Барса, Сәти мырза үйде жоқ екен. Қарсонар болған соң, бүркіт алып, шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі бар екен, «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше екен:
-Мырзаңыз ас-суды бірге алып кеткен жоқ. «Зәуіде келе қалса, мені жоқтатпа!»- деп, тапсырып кетті!- деп, «ас та төк, шаш та төк» қылыпты.
- Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?!- деп, сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті».
Наурыз аяқталатын күні хауызға қантты аямай төгіп, жұрт жабыла қант татыған сиропты ішіп «той тарқар» өткізеді. Ертеде Түркістанда хан ордасының жанында үлкен тоған, одан шығарылған бірнеше арық, олардың бойында хауыздар болған. Жазға қарай хан ордасы Әзіреті Сұлтанға таяу Кәріз деген жерде Бақ Жаһан деген тоғайдың ішінде кигіз үй тігіп тұтас көшіп барады. Кәріз деген жер астынан судың ағысын реттеп отыратын құдықтар жүйесі. Үлкен апан құдықтар қырық күн шіледенің ыстығында елдің жан сақтайтын, демалатын бір көркем жері. Наурыз бұл Кәрізге де келіп өзінің жалғасын тауып жатады.
«Той басы» мен «той тарқар» аралығында толып жатқан той-домалақ өз кезегімен өтіп жатады. Оның ішінде балуан күресі, аламан бәйге, жорға жарысы, көкпар т.б. бар, оның бәрін бір әңгімеде түгендеудің өзі қиын.
Наурыз тойындағы «Көрісу» рәсімі
Көрісу қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы -жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста та жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп -азық дайынадамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады ?
Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі.