«Наурызға неге селқос қараймыз?» - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметов селекторлық режімде кеңес өткізіп, онда әуежайларды дамыту және ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру мәселелері қаралды. Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев саладағы жағдай туралы баяндай келе, ИКАО техникалық бюросы мамандарымен бірлесе отырып жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларға 40-тан астам түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын, олардың басым бөлігінің сертификаттау мен ұшу қауіпсіздігін тұрақты қадағалау үдерісіне қатысты екенін, сондай-ақ халықаралық тәжірибе негізінде ұшу қауіпсіздігінің ұлттық бағдарламасы әзірленетінін атап көрсетті. Бұл материал «Әңгіме тақырыбы - ұшу қауіпсіздігі» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Жалған дипломмен инженер болыпты» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Қазір Атырауға келуге қызығатын шетелдік көбейді. Себебі, мұнайлы өңірде қолға алынған халықаралық жоба көп. Сондай жобаларға қатысатын шетелдіктерге төленетін жалақы да жоғары. Содан болса керек, Атыраудағы «Синопек Қазақстан халықаралық мұнай сервис компаниясы» филиалында және «Синопек Қазақстан» серіктестігінде Қытай азаматтары да жұмысқа тартылған. Алайда, біздің тиісті орындардағы жауапты тұлғалардың немқұрайлығын пайдаланғысы келді ме, әлде алдап-арбаймыз деп ойлады ма, Қытайдан келген кей азаматтар жалған дипломмен жұмысқа орналасыпты», деп жазады «Егемен Қазақстан». Мәселен, өндірісті дайындау инженері лауазымында жұмыс жасайтын Ши Цзюньминнің құжаттарында бірдей суреттер жапсырылғанмен, дипломы 1997 жылы берілген, ал төлқұжаты 2008 жылы алынған. Сонда диплом мен төлқұжаттың берілу мерзімінде 11 жылдық алшақтық болса да, суретіндегі бейнесі қалайша өзгермеген? Екеуіне неге бірдей сурет жапсырылған?
Мұндай жалған дипломмен өз елінде емес, Қазақстанда жұмыс жасап жүрген Қытай азаматы біреу емес екен.
***
«Жердің тоңы жібіп, бәйшешек гүл атқан шақта күллі түркі халқы Жаңа жылын атап өтеді. Әдетте, Жаңа жыл дегенде көздің жауын алар жарқ-жұрқ еткен шамдар мен сұлу қыздай сыланған әсем қала елестейді. Тәуелсіздік күнімен қабаттасып келетін Григориан күнтізбесінің Жаңа жылын бүкіл халық болып атап өтеміз. Тіпті, бір ай бойы жаңа жылдың дүрмегіне еріп, сыйлық іздеп, әуре-сарсаңға түсу - қанымызға сіңген әдетке айналды. «Қазақ елінің азаттығына қол жеткізген күні Жаңа жылдың көлеңкесінде қалды» деп талай шамдандық та. Бірақ уәжімізге құлақ түріп, «сенікі дұрыс» деген бір жанды байқасайшы»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында «Наурызға неге селқос қараймыз?» деген мақаласында. «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей жыл сайын желтоқсан айында уәж айтылады, бірақ келер жылы Жаңа жылдың дабырасына еріп, бәріміз тағы да Аязатаны күтеміз. Байқап отырсақ, көктемнің алғашқы айында тойланатын әз-Наурызға біз дәл Жаңа жылдағыдай дайындалмайды екенбіз.
Осы басылымның жазуынша, Табиғи монополияларды реттеу агенттігін халық пен журналистер «монополияға қарсы агенттік» деп атаған да уақыт болған. Бірақ ол заман келмеске кеткенге ұқсайды. Қазір бұл мекеме көп мәселеде қайта монополистердің басты «лоббистіне» айналып шыға келгендей. Алдағы айдың басында қалаулылар ауыл-аймақты аралауға шығады. Соның қарсаңында осы Агенттік басшысын есеп беруге Парламентке шақырған депутаттар кеше одан түлкібұлаңға салмай, ащы шындықты ашық айтуды сұрады: «Тариф қымбаттай ма, жоқ па? Бізді халыққа өтірікші етпеңізші?» деп өтінді қалаулылар. Бірақ нақты жауап ала алмады. Қайта бұл күні олар монополистердің мүддесін қорғаштаған көп дәлел естіді. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, газеттегі «Тарифтен түскен тиынды... Пайдасы кiмге бұйырды?» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Баяғыда бір патша жасы алпыстан асқан шалдардың барлығын жар басынан құлатып, көздерін жойыңдар деп жарлық шығарыпты» деп басталатын хикая бұрындары қазақ арасында жиі айтылушы еді. Басы қатты болғанымен, соңында патша өз қателігін түсініп, қариялардың пайдасы көп екенін мойындаумен аяқталатын ғибратты мысал сөз. Бүгінгі біздің қоғамның сол хикаядағы көрініске ұқсап кететін тұстары бар. Дәл қазір жасың 45-тен асты деген сөз - «өлдің Мамай, қор болдың» деген сөз - не Құдай алмайды, жалданып жұмыс жасарға бай алмайды. Ол аз болғандай әйелдердің зейнет жасы да «өмір жасынан» артығымен алыстап барады»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Бұл мақала «Елуден асқандар еңбекке жарамайды деп кім айтты?» деген тақырыппен берілген.
«Алаш айнасы» басылымы «Тілгілеп жатса құрсағын, көбею деген - құр сағым» атты мақаласында Қазақстан ана мен бала өлім-жітімі тұрғысынан әлем бойынша 83-орында тұр деген деректі келтіріп отыр. Ал отандық медицинаның есеп-қисабы бойынша, біздің елдегі сәбилер өлімінің 36 пайызы - іштен туабітті кемістіктен, 21,5 пайызы - аномалиядан, 12,9 пайызы - тыныс алу ағзаларының дертінен, 4,9 пайызы инфекциялық және паразиттік аурулардан туындайтын көрінеді. Бұған қоса, елде шамамен туу жасындағы 4 миллион әйел бар десек, олардың 800 мыңнан астамының бала көтеру қабілеті кемшін. Сонда орташа есеппен алғанда, елде 3 миллион әйелдің ғана бала тууға қабілеті бар. Бір ақиқаты, сол бала туу жасындағы 3 миллион әйелдің денсаулығының 100 пайызға мығым екенін біз еңсе тіктеп тұрып айта алмаймыз. Ал кесар тілігі сол 3 млн әйелдің жартысынан көбіне жасалатынын мамандар жасырмай айтуда...