Найзағай, жаңбыр, дауыл: 24 мамырға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің басым бөлігіне атмосфералық фронтальды бөліктер әсер етіп, жаңбыр жауады.

Үсік
Фото: Pixabay.com

«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, еліміздің басым бөлігі атмосфералық фронтардың ықпалында болғандықтан, тұрақсыз ауа райы сақталады, найзағаймен жаңбыр, дауылды жел күтіледі. 

Республикамыздың солтүстігінде — қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстік-батысында, оңтүстігінде — қатты жаңбыр жауады, республикамыздың солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, шығысында бұршақ жауады деп күтілуде.

Республика бойынша екпінді жел, оңтүстік-батыста, шығыста, солтүстікте, орталықта — тұман күтіледі. Түнде Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, Ақтөбе, Қостанай облыстарының солтүстік-батысында 1-3 градус үсік жүруі ықтимал. 

Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының солтүстік-батысында, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады.

Абай облысының оңтүстігінде, Түркістан облысының шөлді аудандарында, Жетісу облысының шығысында төтенше өрт қауіпі күтіледі.