Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасында ғылыми консорциум құруды ұсынды
«Бүгінде Қазақстанның 30 жоғары оқу орны ресейлік ЖОО-лармен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде. Перспективалы бағыттар бойынша Қазақстан мен Ресей ғалымдарының ғылыми консорциумын құру мәселесін пысықтаудың маңызы бар. Атап айтқанда, био-және ақпараттық технологиялар, энергетика, ғарыш және басқа да салалар бойынша», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Назарбаев университеті, Инновациялық технологиялар паркі, ресейлік «Сколково» орталығы сынды инновациялық кластерлердің және өзге де ғылыми-зерттеу құрылымдарының әлеуетін пайдалану мүмкіндігін атап өтті.
Елбасының айтуынша, бірлескен жұмыстар үшін Астана-ЭКСПО инфрақұрылымының базасында құрылып жатқан «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, IТ-стартаптар халықаралық технопаркі және «Жасыл» технологиялар және инвестициялар халықаралық орталығы пайдалы болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, білім беру қызметтеріне сұраныс аса жоғары еліміздің үш өңірінде ресейлік ЖОО-лардың филиалын ашу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтып өтті.
«Елдеріміз арасында халықаралық білім беру хабтарын қалыптастыруға жағдай жасау аса маңызды. Бұл үшін білім беру бағдарламалары, соның ішінде ашық онлайн-білім беру курстары саласындағы өзараәрекеттестік бағытында жұмыс жасауға болады», - деді Н.Назарбаев.