Ұстазын балағаттаған Назарбаев мектебінің оқушысы оқу орнынан шығарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде қызу талқыланған НЗМ оқушысының мұғалімді балағаттау оқиғасына байланысты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин ресми мәлімдеме жасады.

В Казахстане изменились размеры грантов для учащихся НИШ
Фото: nis.edu.kz

Оның айтуынша, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болған жағдайға байланысты оқушымен, ата-аналармен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткен. Талқылауға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысқан.

- Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Назарбаев Зияткерлік мектептері шәкірттерге әрдайым құрметпен қарап, қолдау көрсетуді және өзара сыйластыққа негізделген сындарлы қарым-қатынасты басты қағида ретінде ұстанады, – деді Әнуар Жанғозин.

Оқу-ағарту министрінің баспасөз қызметі де болған жағдай жан-жақты зерделеніп, баланың әрі қарай білім алу жолдары қарастырылғанын хабарлады.

- Бұл ретте шешім заңнама талаптарына сай, баланың құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде толыққанды білім алу құқығын ескере отырып қабылданды, – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалған. Телефонын алып қойған мұғалімге балағат сөз айтқан. Мектептің педагогикалық кеңесі оқушыны білім ордасынан шығару туралы шешім қабылдады. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланды. Мәселеге Оқу-ағарту министрлігі араласып, Алматы қаласына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы шұғыл түрде іссапармен келді.

Бұған дейін Алматыда 670 түлек «Алтын белгіге» үміткер екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар