Назарбаев туралы туынды қандай президент болу керектігін ашып көрсетеді - Елші Петер Юза

АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев туралы жаңа кітап қалай президент болуды емес, қандай президент болу керектігін ашып көрсетеді. Бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған тарихи-өмірбаяндық «Нурсултан Назарбаев: Человек у власти» атты кітаптың тұсаукесерінде Қазақстандағы Словакияның Төтенше және Өкілетті елшісі Петер Юза осылай мәлім етті.
None
None

«Мен жақсы кітапты бір деммен оқығанда кәдімгідей жақсарып қаламын, ал өте жақсы кітапты оқудан ләззат аламын. Осыдан екі күн бұрын Мемлекеттік тарих институтының басшысымен жолыққанда қолыма осы кітапты ұстатып еді. Бір деммен оқып шықтым, керемет әсердемін», - деді мәртебелі Елші өз ойымен бөлісе келе.

Оның пайымынша, бүгінгі әлемде саясаткерлер өздерінің билігін қамтамасыз етуге ғана емес, қоғамға қатысты мәселенің бәріне жауап беруге міндетті.

«Айта кетерлігі, кітапта Мәңгілік Ел тұжырымы да қамтылып отыр. Шынын айтқанда, Қазақ елінде осындай тұжырымдық идеяның қалыптасуы да қызықтырады. Өйткені, біз әлемде не болып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Ал мынадай рухани тұжырымның маңызы зор. Екіншіден, бұл кітап өзекті, уақыт талабынан туындап отыр. Ең бастысы әрі маңыздысы Елбасының өмір тарихы мемлекеттік құжаттық материалдармен, мұрағаттардағы маңызды мәліметтермен әспеттеліп, көрсетіліп отыр. Үшіншіден, бұл кітап қалай президент болуды емес, қандай президент болу керектігін, оның жауапкершілігін ашып көрсетеді», - деді Петер Юза.

Бұдан бөлек, Елші кітапты оқу барысында Л.Гумилевтің еуразиялық тұжырымының қалай жүзеге асып жатқанына куә болғанын айтады. Оның пайымынша, бұның өзі Ұлт көшбасшысының дәуір таңдауын дұрыс жасаудағы рөліне берілген жоғары баға болып табылады.

Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен «ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жарыққа шыққан кітап авторлары профессор Бүркітбай Аяған мен Әлима Ауанасова. Кітапта жаңа методологиялық ұстанымдар негізінде басты назар ғасырлар тоғысындағы Елбасының прогрессивті рөліне, КСРО дағдарысының Мемлекет басшысының саяси санасына әсер ету мәселелеріне аударылады. Сонымен қатар Н.Назарбаевтың тарихи даму барысында пайда болған саяси көзқарастары мен қабылдаған шешімдерінің себептері баяндалады. Бұдан бөлек, авторлар тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Ұлт көшбасшысының реформаторлық бағытын іс жүзінде жүзеге асырумен байланысты ауқымды мәселелерді қарастырады.

Соңғы жаңалықтар