Назарбаев Университетінің алғашқы түлектеріне диплом тапсыру шарасы өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты шарасы өтіп жатыр.
2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Студенттер көбінесе Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде, Ғылым және технологиялар мектебінде, Инженерия мектебінде, Жоғары бизнес мектебінде, Жоғары мемлекеттік саясат және Жоғары білім беру мектептерінде білім алды.
«Бүгін Назарбаев Университетінің алғаш түлектері ретінде үлкен өмірге қадам басқалы отырсыздар. Сондықтан бүгінгі айтулы оқиға - біз үшін үлкен мереке. Бүгін Университеттегі сіздердің соңғы күндеріңіз болғанымен, алайда жарқын болашақтарыңыз осы сәттен басталғалы отыр. Кейбіреулеріңіз ғылым жолын қусаңыздар, қалғандарыңыз мемлекеттік басқару немесе бизнес және басқа салаларда қызмет істейтін боласыздар. Бірақ та болашақта баршаларыңызды Назарбаев Университеті дипломы біріктіреді. Баршаларыңызды осы бүгінгі айтулы маңызды күнмен құттықтаймын!» -деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Министр құттықтау сөзінде оқу орнының құрылған күнінен бастап қызмет етіп жатқан профессорлық-оқытушылық құрамға алғысын білдірді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
Айта кетейік, бүгін сонымен қатар Назарбаев Университетінің жаңа бес қабатты ғимараты ашылды. Бұл нысан елорданың Тұран көшесі бойында орналасқан.