Назарбаев Университетінің ғалымдары халал биологиялық белсенді қоспа әзірледі
«Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana (NLA) Өмір туралы ғылымдар орталығының ғалымдары құрғақ бие сүті (саумал), өсімдік және метабиотикалық компоненттер негізінде жасалған жаңа ББҚ-өнім әзірледі. Жаңа өнім «Саумет» деп аталды. Ол жаңа 2019 жыл қарсаңында ашылған Қарағанды облысы зауытының жаңа өндірістік желісінде капсулалар түрінде шығарылады. Жоба « Ғылым қоры» АҚ қаржылық қолдауымен іске асырылады», - делінген хабарламада.
Ғалымдар антибиотикотерапиядан кейін микрофлораны қалпына келтіру үшін, сондай-ақ әртүрлі күйзеліс факторлар мен сыртқы ортаның жағымсыз әсерлері болған кезде «Саумет» препаратын қолдануды ұсынады. Бұдан басқа, әзірлеушілер «Сауметтің» халал стандарттарына сәйкес өндірілетінін атап көрсетеді.
«Дәрілік нысандар мен ББҚ-қа арналған капсулалардың көбі жануарлар желатині негізінде жасалады. Біз өндіріс кезінде тек өсімдік шикізатын пайдаланамыз. Осылайша, біз тек қана халал немесе вегетариан тұтынушылардың қалауын ескереміз. Алдын ала есептеулер бойынша, препараттың бір айлық курсының құны 4 -7 мың теңгені құрайтын болады. Препараттың жанама әсері жоқ», - деп хабарлады «NLA» Өмір туралы ғылым орталығы, Адам микробиомы және ұзақ өмір сүру зертханасының аға ғылыми қызметкері Самат Қожахметов.
«Саумет» капсулалар биыл жылдың ортасына қарай сатылымға түседі деп көзделіп отыр. Ғалымдар қазірдің өзінде өсімдік сығындыларымен, поливитаминдермен және т.б. байытылған «Саумет» негізінде жаңа өнімдер шығаруды жоспарлап отыр.