Назарбаев Зияткерлік мектептерінің биылғы түлектерінің бәрі ЖОО-ға түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Зияткерлік мектептерінің биылғы жылғы түлектерінің барлығы жоғару оқу орындарына түскен. Бұл туралы бүгін білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі барысында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» АҚ басқарма төрағайымы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.
Жиын барысында келтірілген мәліметтерге қарағанда, Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірген түлектердің жалпы саны 5 мың 256 оқушының құраған. Соның ішінде әрбір үшінші бітіруші «үздік» деңгейді иеленген болып отыр.
«Біздің түлектердің 65 пайызы мектебімізді «жақсы» және «үздік» бағамен аяқтады, ал олардың 15 пайызында «төрттік» баға тек бір пәннен ғана болыпты», - деді К. Шәмшидинова.
Басқарма төрайымының сөзіне қарағанда, алдын ала мәліметтер бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің биылғы түлектерінің барлығы жоғары оқу орындарына түскен.
«Соның ішінде түлектердің 89 пайызы Қазақстандағы ЖОО-ға, 4 пайызы ТМД елдерінің оқу орындарына, ал 7 пайызы алыс шетелдің университеттеріне жол тартып отыр. Сонымен қатар, түлектеріміздің 86 пайызы оқу гранттарының иегері атанды. Айта кетерлігі, Назарбаев Университетінің Foundation бағдарламасы бойынша ұсынылған 700 грантының 355-ін біздің Зияткерлік мектеп оқушылары алып отыр. Яғни, Назарбаев Университетінің әрбір екінші гранты біздің еншімізде», - деді К. Шәмшидинова.