Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі орта білімді дамытуға негіз болады - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі орта білім беру саласын дамытуға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негіз болады. Атап айтқанда, бұл орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту тәжірибесіне қатысты. Бұл туралы бүгін ОКҚ ұйымдастырған брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде орта білімнің мазмұнын жаңарту міндетін алға қойды. «Ол мектептер біраз тәжірибе жинақтады, өткен жылдары тек пәндер бойынша ғана емес, техникалық және гуманитарлық мазмұндағы алдыңғы қатарлы бағдарламалар да жасалды», - деді министр.
Министрдің атап өтуінше, мәселен, қазақ тілі бойынша елімізде арнайы жұмыс тобы бар. «Жақын арада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың сапасын жақсарту бойынша Үкіметке және Мемлекет басшысына ұсыныспен шықпақпыз», - деді А.Сәрінжіпов.