Назарбаев қоры неге ақшаны жылыстату мониторингінен тыс қалды — агенттік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Назарбаев қоры неге ақшаны жылыстату мониторингінен тыс қалғанын түсіндірді.

Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасында заңсыз ақшаны жылыстату тұрғысынан жүргізілетін мониторингке кіретін нысандар санаты көрсетілген. Ол тізімнің ішінде эндаумент қорлар мен Назарбаев қоры жоқ. Журналист Назарбаев қоры неге тізімге енбегенін сұраған.
— Қаржылық мониторинг субъектісіне алғаннан қандай пайда бар. Біріншіден, мынаны түсіну керек. Назарбаев қорына қаржы қайдан түседі? Қаржы ұйымдарынан түседі. Қаржы ұйымдары дегеніміз — банктер, төлем ұйымдары. Олардың бәрі онсыз да Қаржылық мониторинг субъектісіне кіреді. Оларға қоятын критерилеріміз бар. Қорға ақша түскен болса, ол банк арқылы келген болса, қаншалықты заңды екенін көріп отырамыз. Ол аударымда күдік болса, бізге мәлімет түседі. Әрі қарай талдаймыз, — деді ол.
— Сіздің жауабыңыздан Қаржылық мониторинг агенттігі Назарбаев қорын заңсыз ақшаны жылыстатуға бейім ұйым ретінде қарап отырған жоқ деген қорытынды шығара аламыз ба, — деп нақтылады журналист.
— Иә, — деп қысқа қайырды ол.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Astana Hub, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы сияқты мекемелердің қаржылық мониторинг аясынан тыс қалып бара жатқанына наразылық білдірді.