Назым Қызайбай әлем чемпионаты финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Назым Қызайбай Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионаты финалына жолдама алды.

Назым Қызайбай әлем чемпионаты финалына шықты
Фото: Қазақстан ҰОК

Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында өзбекстандық Сабина Бобокуловамен жұдырықтасты.

Бірінші раундта Назым Қызайбай 5:0 есебімен жеңсе, екінші кезең 2:3 есебімен өзбекстандық боксшының пайдасына аяқталды. Дегенмен үшінші раундта Назым тағы да басымдығын танытты.

Назым әлем біріншілігінде үш мәрте топ жарса, бір мәрте қола жүлдегер болды.Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, 2024 жылы Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.

Енді ел құрамасынан Махмұд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (70 келі) финал жолдамасын сарапқа салады.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай финалдық, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.

Соңғы жаңалықтар