Назым Қызайбай әлем кубогында чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Назым Қызайбай (48 келі) алғашқы алтынды қоржынға салды.

Қазақстандық боксшы финалда үндістандық Минакши Минакшимен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек тартысты өтті. Назымның қарсыласы да соққыны көбірек жұмсауға тырысты. Ол алғашқы екі раундты өз пайдасына аяқтады. Нәтижесінде Назым әлем кубогының жеңімпазы атанды.
Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жеткен емес.
Бұдан бұрын Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, 2024 жылы Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетсек, қазірге дейін Алуа Балқыбекова (51 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Надежда Рябец (75 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Ал ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Әлем кубогы 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді.