Назым Қызайбай: Астанадағы әлемдік сында атағымды қорғауға күш саламын

Балалық шағы туралы
Мен ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Біз отбасыда алты ағайындымыз. Мен үйдің үшіншісімін. Мен өмірге келгенде қызық оқиға болыпты. Әкем ұл бала күткен екен. Бірақ мен дүниеге келіппін, соған әкем ұл болмады деп, үш күн бойы үн қатпай, ренжіп жүрген көрінеді. Бәлкім, әкем ұл болғанын қатты қалағандықтан ба екен, бала кезімнен ұлдармен алысып ойнайтынмын. Әпкелерім мен кішкентай ініме біреу тиіссе солар үшін төбелесетінмін. Көбіне ұлдармен төбелесуге тура келетін. Кейде адам жаратылысынан бір іске жақын болады ғой. Мен ата-анам қалағандай ұл болмасам да, спортқа жақын болдым. Мектепте баскетбол, футбол ойнадым. Менің бала кезде спортқа жақын екенімді байқап, ауылда бокс пен күресті қатар үйрететін жалғыз жаттықтырушы спортқа шақырды. Бірер ай ол кісіден бокс әліппесін үйрендім. Кейін ағам Алматыда осы қазір біз отырған интернаттың ашылғанын айтты. Сосын сынақ тапсырып түстім.
Интернатта оқу туралы
Интернетта бес ай оқыған соң, алғашқы жарысқа қатыстым. Ол жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі болатын. Бірінші кездесуім жеңісті болды.
Бірінші жарысымда 44 келі салмақта топ жардым. Үш кездесу өткізіп, қарсыластарымның бәрін айқын ұттым. Содан кейін бапкерім Жұмабек ағай ересектер жарысына қатысамыз деді. Бірақ ол кезде жасым он алтыға толмаған. Бірақ, ол кедергі болмады, жолым болып Қызылордада өткен әйелдер арасындағы ел чемпионатында 46 келіде бірінші орын алдым.
Әлем чемпионаты туралы
Менің спорттық карьерамдағы маңызды кездесу ол Чеджу қаласында өткен Әлем чемпионаты. 48 келі салмақта алаңға шығып, бес кездесу өткіздім. Ақтық сынға үнді боксшысымен шықтым. Оған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында есе жібергенмін. Сол жолы қарымта қайтару үшін барымды салдым. Алтынға да қол жетті.
Шыны керек, елге оралғанша жеңістің тәтті дәмі қандай болатынын сезініп үлгермедім. Тек әнұран шырқалған сәтте жүрегім әдеттегіден жиірек соқты. Жеңістің қуанышын тек Алматының әуежайына қонған сәтте жанкүйерлерімнің «Назым, Назым» деп айғайлаған дауысын естігенде барып сезіндім. Нағыз жеңісті өз жеріме келгенде ғана сезіне алдым. Жарыстармен көп елдерде болдым. Мысалы, Германияның үйлері ертегідегідей, өте әдемі. Бірақ қанша әдемі болса да, басқа елде өмір сүргім келмейді. Мен Қазақстанды, Алматыны қатты жақсы көремін.
Әлем чемпионатынан кейінгі кезең
Әлем чемпионатынан кейін адамдар тани бастады, теларнаға, газет-журналдарға сұхбатқа, түрлі салтанатты шараларға шақыра бастады. Айтпақшы, осы салтанатты шараларға шақырудың арқасында киімдеріме ұзын көйлектер де қосылды. Бұрын көбіне спорттық киім киетінмін.
8 наурыз қарсаңында Президенттің қабылдауында болдым. Сол жолы бірінші рет бірнеше сағат биік өкше киіп жүрдім. Барлық іске жаттығу керек екен. Өзім үшін ашқан жаңалығым: бірнеше сағат биік өкше кигеннен, жарыста жұдырықтасу оңай екен.
Рингтегі сезімі туралы
Жалпы қорқыныш сезімінің болуы заңды. Егер рингке шыққанда қорықпасам, қобалжи бастаймын. Ал егер кездесуге дейін қорқыныш болатын болса, рингте өзімді сенімді ұстаймын.
Әйелдер боксы туралы
Бәрінен ауыры - бүйрек тұсынан соққы алу. Мені де көбінсе бүйрегімнен ұруға тырысады. Бірақ аяп отыра алмайсың. Бұл - спорт.
Жарыстарға әкем-анам, бауырларым қелмейді. Мен қобалжымасын деп ойлайды. Әрі мен де туған-туыстарым жоқ кезде рингте өзімді еркін сезінемін. Жарыстан тыс уақытта қолым қалт етсе бірден ата-анама, бауырларыма тартамын.
Жайна Шекербекова туралы
Рингта қарсыласпыз. Ал негізінен бірге жаттығу жасаймыз. Спортта қарсыластық керек. Қарсылас болмаса спортшының өсіп-жетілуі қиын. Барлық нәрсе өз қолымызда. Кім көп еңбек көрсетеді соның жолы болады. Алдағы Қазақстан чемпионатында кездесеміз, сол кезде жеңіске жетемін деп ойлаймын.
Басты мақсаты туралы
Әрбір спортшының басты арманы - Олимпиада шыңын бағындыру. Биыл өтетін төртжылдықтың басты бәсекесінде барымды саламын. Ол үшін алдағы жарыстарда олимпиада лицензиясын иеленуім керек. Биыл Астанада өтетін әлем чемпионатында атағымды қорғау да жоспарымда бар.
Спорттан тыс
Қазір мен Kaspi Bank-тің «Kaspi қаһармандары» атты жарнамалық науқанына қатысып жатырмын. Бұл науқан 2014 жылдың қыркүйек айынан басталып іске қосылты. Мақсаты еңбектің арқасында жетістіктерге жеткен қазақстандықтарды насихаттау. Бұған дейін 7 рет рекордтар кітабына енген, әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев, 350 баланы асырап алған Тұяқ Есқожина, әлемнің ең биік 8 шыңын бағындырған альпинист Мақсұт Жұмаев кейіпкер болған екен. Биыл мені шақырды. Бұл да спорттағы жетістіктің, жеңістің нәтижесі деп ойлаймын. Баршаңызды алдыға мақсат қойып, жеңіске жету үшін талмай еңбектенуге шақырамын.