Неапольде бес қабатты үй құлады, үйінді астында қалып қойған адамдар бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Неапольге таяу орналасқан Торре-Аннунциата қаласында жұма күні таңертең ғимараттың жартысы құлап қалды. 

Неапольде бес қабатты үй құлады, үйінді астында қалып қойған адамдар бар

Құтқарушылардың айтуынша, қазіргі уақытта бес қабатты үйде тұратын екі отбасының тағдыры беймәлім, деп хабарлайды Би-би-си.

БАҚ мәліметінше, үйінді астында сегіз адамға дейін қалуы мүмкін.

Апатты жағдайдың себебі әзірге белгісіз. Тек ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы анықталып отыр.

ANSA ақпараттық агенттігі куәгерлер жауабын алды: олардың айтуынша, үйде жарылыс болмаған, алайда, апатқа ұшырар алдында  үй жанындағы теміржолмен жүк пойызы өткен. Қазір бұл жолдарда құрылыс бөлшектері шашылып жатыр.

Оқиға орнынан түсірілген суреттерде ғимараттың бір қабырғасы тұтас құлап қалғандығы көрсетілген, ғимарат ішін шаң, бетон және арматура бөлшектері басқан.