Недовесов Мексикадағы ATP 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Лос-Кабос (Мексика) ATP 250 турнирінің финалында жеңіліс тапты.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге соңғы бәсекеде жарыстың 4-ракеткалары, аустралиялықтар Макс Перселл – Джордан Томпсонмен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте аустралиялық жұп брейк жасап кетті – 7:5.
Екінші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді, бұл жолы да аустралиялықтардың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:2).
Бір сағат 38 минутқа созылған бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 3 эйспен бірге 1 брейк-пойнтты пайдалана алды. Қарсыластары 5 эйс, 2 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді. Бұл қазақстандық теннисшінің биылғы маусымдағы ATP додаларындағы алғашқы финалы болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Флорида штатында қатарынан үшінші рет финалға өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Дубай ATP 500 турнирінде бақ сынайды.