NEF Qazaqstan басшысы Тарык Волкан Оскай Қазақстанға қашан экстрадицияланады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы прокуратурасы NEF Qazaqstan басқарушы серіктесі Тарык Волкан Оскайдың Черногорияда ұсталғанын ресми түрде растады.

— Іздеуде жүрген Oskay Tarik Volkan Қазақстан Республикасының аумағында емес, себебі оны 9 маусым күні Черногория Республикасының құзырлы органдары ұстаған, — деп хабарлады Алматы прокурорының бірінші орынбасары Н. Ракишев.
Қазақстандық тарап Черногорияның құзырлы органдарына оны экстрадициялау туралы өтініш жібергені белгілі болды.
— 25 маусымда ҚР Бас прокуратурасы Черногория Республикасының Әділет министрлігіне Oskay Tarik Volkan-ды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан Республикасының құзырлы органдарына беру жөнінде өтініш жолдады. Қазіргі таңда Черногорияның құзырлы органдары бұл өтінішті қарап жатыр. Қарау нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады, — делінген Алматы прокуратурасының ресми жауабында.
Еске салайық, бұған дейін ҚР ІІМ NEF Qazaqstan басқарушы серіктесі, іздеуде болған Тарык Волкан Оскайдың ұсталғанын ресми түрде растаған еді.
2022 жылы Astana International Exchange (AIX) алаңы NEF Qazaqstan компаниясының 6 млрд теңге көлемінде алғашқы облигацияларын орналастырғанын мәлімдеген еді. Алайда 2023 жылы компания AIX платформасында алғаш рет дефолтқа жол берді — ол 4 млрд теңгеден асатын негізгі қарызды, сондай-ақ 402 млн теңге көлеміндегі купондық төлемді өтеу бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаған.
Биыл көктемде Алматы полициясы 51 жастағы NEF Qazaqstan басқарушы серіктесіне — Түркияның ірі құрылыс холдингі NEF-тің қазақстандық өкілдігіне қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.