Неге қозғалмайды, резеңке қолтырауын шығар: Алматы зообағы қауесетке жауап берді
«Ол шын қолтырауын емес. Бұл жай резеңке шығар». Алматы хайуанаттар бағындағы ең ірі бауырымен жорғалаушы – кубалық қолтырауын Фидель туралы келушілер осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.

Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, шынында да, ол бірнеше сағат бойы қимылдамай, қозғалыссыз жатады.
«Фидель 1986 жылы туған, ол бізге 2001 жылы Латвия елінің Рига қаласындағы хайуанаттар бағынан әкелінді. Қазір 37 жаста және ұзындығы шамамен 2,5 метрге жетеді. Фидельдің рационында сиыр еті, тауық еті және балық бар. Фидель аптасына бір рет, кейде екі аптада бір рет қоректенеді. Себебі, біз тамақ үнемдейтіндіктен емес, ол апта бойы қозғалыссыз жатып, жегенін қорытады»,- деп атап өтті зообақтан.
Табиғатта қолтырауындар аз қозғалатын өмір салтын ұстанады және күнделікті қоректенбейді.
«Мұндай сәттерін бізге келушілер суда немесе жағалауда тойымды түскі астан кейін жиі көреді. Қолтырауындар тамақты күнделікті жеп, шамадан тыс қоректенетін болса ол семіріп, жүрек, қан тамырлары мен асқазан-ішек жолдарының аурулары пайда бола бастайды. Қолтырауынды ұзақ бақылап, оған қарап тұрсаң анда-санда көзін ашып-жұмып, аузын қатты ашып, жауып тұратынын көруге болады»,-дейді мамандар.
Алматы хайуанаттар бағында қолтырауындардың үш түрі бар: кубалық, сиамдық және Кайман қолтырауыны.
Біраз күнде олар жылы әрі жайлы қысқы тұрақтарына орналастырылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram