Неліктен Қазақстанда тауарларды таңбалауды қолдан жасау мүмкін емес?
АСТАНА. KAZINFORM — Тауарларды міндетті таңбалау өнімді контрафактіден қорғауды қамтамасыз етеді және олардың қауіпсіздігіне кепілдік береді.

Қазақстанда тауарлар екі өлшемді Data Matrix кодымен таңбаланады, онда тауардың бірегей нөміріне, өндірушісіне, партиясына және жарамдылық мерзіміне қатысты маңызды ақпарат болады.
Қарапайым штрих-кодтар мен MaxiCode та тауарларды жалған өнімнен қорғау үшін қолданылады, алайда олар деректердің сыйымдылығы, зақымдануға төзімділігі және әмбебаптығы бойынша Data Matrix-ке жетпейді. Мысалы, штрих-кодтар аз ақпарат сақтайды және тікелей сканерлеуді қажет етеді. MaxiCode зақымдануға төзімді, бірақ оны өндіру қиын және ол шектеулі ақпаратты ғана сақтай алады.
Олардың қасында Data Matrix кодтары тиімділігімен ерекшеленеді: кез келген бұрыштан оқылады, ең бастысы – криптографиямен қорғалған.
Data Matrix-тің криптоқорғанысы қазіргі кезде банктер мен мессенджерлер қолданатын RSA және AES шифрлау алгоритмдерімен қамтамасыз етілген. Оларды бұзуға алаяқтар үшін қол жетімді емес орасан зор ресурс қажет.
Әрбір кодта цифрлық қолтаңба бар, оны қолдан жасау мүмкін емес. Егер деректер орталық базаға сәйкес келмесе, жүйе жалған екенін бірден таниды. Іс жүзінде Data Matrix жұмысын Naqty Onim қосымшасын жүктеп алу арқылы тексеруге болады. Қосымшамен тауарды сканерлегеннен кейін, сіз оның шығу тегі мен қозғалысына қатысты тиісті ақпаратты аласыз. Қазақстанда бүгінде темекі өнімдері, дәрілік заттар мен аяқ киім міндетті таңбалауға жатады. Осылайша қазақстандықтар жоғарыда аталған үш тауар тобының мысалы негізінде жүйенің жұмысын өз бетінше тексере алады.
Өндірушілер үшін таңбалау – бұл брендті қорғаудың сенімді әдісі, барлық кезеңде тауарлардың қозғалысын бақылау және заңды сақтау.
Сатып алушылар үшін – түпнұсқалық кепілдігі, өнімнің қауіпсіздігі және Naqty Onim қосымшасы арқылы тексерудің қарапайым әдісі.
Data Matrix — бұл ашықтықты, брендті қорғауды және тұтынушылардың сенімін қамтамасыз ететін заманауи стандарт.