Неліктен корейлер ұзақ өмір сүреді: дәстүрлі медицинаның құпиялары
Кореяда егде жастағылардың жас ұрпақтан кем түспей, белсенді өмір салтын ұстанатынына еріксіз таңданасыз. Олардың орташа өмір сүру ұзақтығы бүгінде 80 жылдан асады. Елдің Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі ұзақ өмір сүру көрсеткіші 100 жылға жетеді деп болжап отыр. Көрсеткішті өсіруге қандай факторлар әсер етеді? Бұл туралы Kazinform тілшісі дәстүрлі Корей медицинасы институтының бас менеджері Байк Юсангпен әңгімелескен еді.

Байк Юсангтың айтуынша, корейлердің денсаулығына ең алдымен қоршаған орта әсер етеді.
«Қоршаған ортаның таза болуы адамның денсаулығы үшін маңызды. Кореяда таза су, жағымды климат және қолайлы атмосфера ұзақ өмір сүруге ең қажетті фактор. Тағы бір маңызды аспект - таулы аймақтың болуы. Дәстүрлі медицинада қолданылатын көптеген дәрілік өсімдік пен шөп тауларда өседі. Корейлер оларды ертеден қолданып келеді және тамаққа да қосады», - дейді институттың бас менеджері.

Маман келесі фактордың тамақтанумен байланысты екенін айтты. Еттің орнына корейлер диеталық дәнді дақылдар, өсімдіктер мен көкөністерді көп жейді.
«Корея, Қытай және Жапония дәстүрлі медицинамен айналысады. Бірақ әр елде өзгеше. Қытай мен Жапония белгілі бір ауруды жоюға назар аударады. Корей дәстүрлі медицинасы иммунитетті, дененің жалпы энергиясын сақтап, нығайтуды ұстанады. Бұл әсіресе емдеу әдістерінде айқын көрінеді. Бізде ауруларға тиімді қарсы тұру үшін энергияны жақсартуға баса назар аударылады», - деп түсіндірді Байк Юсанг.

Кореяда аурулардың алдын алу және оларды дәстүрлі жолмен емдеу алға қойылған. Ол үшін арнайы витаминдер бар.
«Витаминдердің пайдасы мол және аясы кең. Оны суық тигенде немесе асқазан-ішек жолдарының проблемалары болғанда қолданады. Сондай-ақ бұлшықеттің ауруы, ас қорыту проблемалары және жүйке жүйесінің аурулары үшін де пайдалы. Одан бөлек, витаминді денені ауыр сезінгенде ішу керек. Сол сияқты арнайы арнайы препараттар бар. Олар энергияны қалпына келтіру үшін арнайы жасалған. Әсіресе тәбеттің нашарлығынан немесе ас қорыту проблемасы болған және шаршау кезінде ішеді. Дәрі-дәрмек суық тию, жоғары температура, бас аурғанда және жөтелмен күресте өте тиімді. Маңыздысы, олар белгілі бір белгілерді жеңілдетуге ғана емес, сонымен қатар жалпы ауруды, әлсіздікті және бүкіл дененің ауырсынуын емдеуге арналған», - деп түсіндірді сарапшы.
Аталған дәрі-дәрмек дәрігердің нұсқауымен рецептімен беріледі.
«Денсаулықты жақсартуға және энергияны қалпына келтіруге арналған мұндай дәрі-дәрмектер әр адамның жеке ерекшеліктерін ескере отырып, бірнеше нұсқада ұсынылады. Кәсіби медициналық зерттеулерден алынған бұл өнімдер әлемдік нарықтарға да экспортталады», - деп толықтырды институт өкілі.
Дәстүрлі Корей медицинасы институты - Кореяның Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі жанынан құрылған қоғамдық мекеме. Оның міндетіне елдегі медициналық саланы жалпы дамыту, медициналық өнеркәсіпті ілгерілету және экспорттау, шетелден пациенттерді тарту кіреді. Сонымен қатар институт корей медицинасын заманауи жаңартумен айналысады.