Немереңіз апатқа ұшырады, тез ақша жіберіңіз: Алаяқтар ескі айла-шарғысына қайта көшті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Киберқылмыскерлер ескі айла-шарғысына көшті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдын алу шараларының күшейтілуіне және ауыспалы абоненттік нөмірлерден жасалатын алаяқтық қоңыраулардың бұғатталуына байланысты киберқылмыскерлер өздерінің ескі айла-амалдарына көшті», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Мәселен, оның айтуынша, соңғы кезде елімізде егде жастағы адамдарға жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп кеткен.
«Алаяқтар үй телефонына хабарласып, өздерін сол кісілердің жақын туысы ретінде таныстырып, жол апатына түскенін айтып, мәселені шешу үшін ақша сұрайды. Одан кейін телефонды полиция қызметкеріне бергендей болады. Ал олар өз кезегінде қарт адамдардың сенгіштігін пайдаланып, жинаған қаражатын жол-көлік оқиғасында зардап шеккен адамға беруге немесе жақынын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін жұмсауға көндіреді. Жәбірленушілер ақшаны беруге келіскеннен кейін оларға курьерді жібереді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Осыған орай министрліктің ресми өкілі азаматтарды, әсіресе қарт адамдарды мұқият болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.
«Егде жастағы туыстарыңызға алаяқтықтың осы түрі туралы ескертіңіздер. Мұндай қоңырау түскен кезде қоңырауды өшіріп, келіп түскен ақпаратты тексеру үшін аталған туыстармен байланысу қажет. Ақпарат расталмаған жағдайда «102» нөмірі арқылы полицияға дереу хабарласыңыздар», - деді ол.