Екі дүркін Олимпиада чемпионы Пәкістан тауларында қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Неміс биатлонының аңызына айналған спортшы Лаура Дальмайер Пәкістанның тауларында қайтыс болды, деп хабарлайды DW. 

Неміс биатлоншысы Лаура Дальмайер Пәкістан тауларында қаза тапты
Фото: instagram.com/laura_dahlmeier

Оның менеджерлері 31 жастағы спортшының қазасын растады.

Қайғылы оқиға 28 шілде күні Каракорум тау жотасындағы Лайла-Пик шыңында болған. Екі дүркін Олимпиада чемпионы тас көшкінінің астында қалып, мерт болған.

Құтқарушылар оны екі күн бойы іздеген, алайда ауа райының қолайсыздығы мен жер бедерінің күрделілігі іздестіру жұмыстарын қиындатты.

ZDF арнасының хабарлауынша, соңғы мәліметтерге сәйкес, Лаура Дальмайер оқиға орнында бірден көз жұмған болуы мүмкін.

Спортшының денесі тауда қалатын болды. Бұл — оның өзі тірі кезінде қабылдаған шешімі. Лаура егер тауда қаза тапса, ал денесін төменге түсіру тым қауіпті болса, онда өзге адамдардың өміріне қауіп төндірмей, сол жерде қалдыруды өтінген.

Бұған дейін Сауд Арабиясының «Ұйқыдағы ханзадасы» атанып кеткен ханзада Әл-Валид ибн Халед ибн Талал Әл Сауд 20 жылдық комадан кейін өмірден озғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар