Непал мұздық көлдердің тасу қаупін азайтуға 50 млн доллар жұмсайды
АСТАНА. KAZINFORM — Непал билігі жойқын су тасқыны қаупін азайту үшін биік таулы аймақта орналасқан төрт мұздық көлдегі су деңгейін төмендету жобасын бастайды. Жоба биылғы қаржы жылында қолға алынбақ. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған Report хабарлады.
Жоба аясында Непалдың орталық және шығыс бөліктерінде, теңіз деңгейінен 4 050–5 483 метр биіктікте орналасқан Тхулаги, Лоуэр-Барун, Лумдинг-Тшо және Хонгу II көлдеріндегі су деңгейі төмендетіледі.
Мемлекеттік зерттеу орталығының сарапшысы Субаш Туладхардың айтуынша, су арнайы арналар арқылы жақын маңдағы өзендерге бақыланатын тәртіппен ағызылмақ. Бұл табиғи бөгеттердің бұзылу қаупін және соның салдарынан болатын су тасқынын азайтуға мүмкіндік береді.
Жобалау жұмыстары мен егжей-тегжейлі зерттеулер 2027 жылғы шілденің ортасына дейін жалғасатын қаржы жылында басталады. Ал көлдердегі су деңгейін тікелей төмендету жұмыстары алты жылға дейін созылуы мүмкін.
Жобаның құны 50 миллион долларға бағаланып отыр. Оны Жасыл климат қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Непал үкіметі қаржыландырады.
Бұл шешім Қытаймен шекаралас аймақта тамыз айында болған апаттан кейін қабылданды. Сол кезде мұздықтың опырылуы салдарынан көшкін жүріп, кенеттен су тасқыны болған. Апат салдарынан 1,4 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 5 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Айта кетейік, бұған дейін Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1294 адамға жеткен болатын.