Непалда наразылық білдірушілер үкімет ғимараттарын өртеп жіберді
АСТАНА.KAZINFORM – Шеруге шыққан жүздеген адам Катмандудағы Непал парламентінің ғимаратына басып кірді, ғимараттың бір қапталынан түтін шығып жатыр, деп хабарлайды BBC.
Ғимарат маңын айнала мотоциклдер жүр, кейбіреулері бақшадан қазылған өсімдіктерді алып кетіп жатыр.
Ғимараттың кіреберісінде наразылық білдірушілер оттың айналасында билеп, ұрандатып, көпшілігі Непал туын ұстап тұр.
Кейбір адамдар терезелері сынған ғимараттың ішіне кіріп кеткен. Ғимараттың сыртқы қабырғаларында граффити және үкіметке қарсы жазулар жазылған.
Бұған дейін шеруге шыққандар ел президентінің резиденциясына басып кіріп, өртеп жіберген.
Әл-Жазираның хабарлауынша, танымал саясаткерлердің үйлері де өртенген.
Наразылық білдірушілер Катмандудағы ең ірі Kantipur Publications медиа баспасы орналасқан ғимаратты да өртеп жіберді.
Protesters set fire to a building housing #Nepal’s largest media house in Kathmandu, as anti-corruption demonstrations led by Gen-Z continued for a second day on Tuesday.
— The Hindu (@the_hindu) September 9, 2025
Kantipur Publications, the publisher of Kantipur and The Kathmandu Post, is based in the building. The… pic.twitter.com/g3l7k0xkij
Айта кетейік, Непал премьер-министрі Шарма Оли сейсенбі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы шерушілер коменданттық сағатты бұзып, полициямен қақтығысқаннан кейін отставкаға кеткен болатын.
Премьер-министрден бөлек, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, жастар және спорт, су ресурстары министрлері де отставкаға кетті.
India Today агенттігінің хабарлауынша, премьер-министр мен бірқатар министрлер отставкаға кеткеннен кейін ел тізгінін Непал армиясы өз қолына алды.
Бұған дейін Жоғарғы сот үкіметке әлемде және Непалда танымал 26 әлеуметтік желі жеті күн ішінде Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігінде тіркеліп, контентті бақылауға келіспесе, оларды бұғаттауды бұйырған. Билік әлеуметтік желілерге қатысты шешімін фейктермен, өшпенділікпен және желідегі алаяқтықпен күресу қажеттілігімен түсіндірді.
Осыдан кейін елде жаппай наразылықтар басталып, тәртіпсіздікке ұласты. Наразылық білдірушілердің басым көпшілігі Z ұрпағы немесе 1995-2012 жылдар аралығында туғандар.
«Z ұрпағы төңкерісі» Катманду мэрі мен сыбайлас жемқорлықпен күресті қолдауымен танымал бұрынғы рэпер Бален Шахты премьер-министр етіп тағайындауды талап етеді.

Үндістан Непалмен шекарасында жоғары дабыл режимін жариялады. Үндістанның бірнеше әуе компаниялары Катманду рейстерін тоқтатты.
Осыған дейін Непалда наразылық кезінде 14 адам қаза тапқаны туралы жаздық.