Непалдағы қақтығыстан қаза тапқандар саны 50-ден асты

АСТАНА. KAZINFORM – Непалда жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 50-ден астам адам қаза тапты. Бұл туралы ТАСС хабарлады. 

Непалдағы қақтығыстан қаза тапқандар саны 50-ден асты
Фото: © Subaas Shrestha via Reuters Connect

Бұған дейін қақтығыстардан 34 адамның қаза тапқаны айтылған еді. Құқық қорғау органдарының жаңартылған деректеріне сәйкес, 51 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 1,3 мыңнан астам адам жарақат алды.

Апта басында Катманду мен Непалдың басқа да қалаларында әлеуметтік желілерге тыйым салу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтан кейін қақтығыс болды.

Оның салдарынан елдің премьер-министрі Шарма Оли отставкаға кетті. Наразылық акцияларының негізгі қатысушылары студенттер мен Gen-Z жастар қозғалысының белсенділері болды. Олар мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына, соның ішінде парламентке, Жоғарғы сотқа, прокуратураға от қойып, саясаткерлер мен шенеуніктердің үйлеріне шабуыл жасаған. Елде коменданттық сағат енгізілді.

9 қыркүйекте наразылықтар аясында билік әлеуметтік желілерге қойылған тыйымды алып тастады. 10 қыркүйекте ел армиясы Gen-Z қозғалысы мен өзге де саяси күштердің өкілдерімен уақытша үкімет құру жөнінде келіссөздер бастады. 

Айта кетелік Непалдағы тәртіпсіздіктер кезінде түрмеден 15 мың адам қашып кеткен

Соңғы жаңалықтар