Непалдағы түрмеден 1500 тұтқын қашып кеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Непалдың Лалитпур қаласындағы Накху түрмесінен 1500-ге жуық тұтқын қашып кетті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ Непалдың Khabarhab ақпараттық каналына сілтеме жасап.
                                              Мәліметке сәйкес, барлық сотталғандар түрме күзетшілері өз посттарын тастап кеткеннен кейін қашып шыққан.
Өткен апта соңында Непал билігі кейбір ірі әлеуметтік желілердің елдегі қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Себебі олар белгіленген мерзімде Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігінде тіркеуден өтпеген.
Бұл талап әлеуметтік желілерді реттеуге бағытталған кең ауқымды саясаттың бір бөлігі саналады. Алайда қарсы тараптар бұл шараны үкімет сыншыларымен күресу және цензураны күшейту деп бағалап отыр.
Осыған байланысты елде жастар, әсіресе Z буыны (1995–2010 жылдары туғандар) арасында жаппай наразылықтар басталды. Кейінірек үкімет әлеуметтік желілерге салынған тыйымды алып тастады, алайда наразылықтар басылмады.
Оқиғалар аясында Непал Президенті Рам Чандра Паудел отставкаға кетсе, бұған дейін Премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли де қызметінен бас тартқан. Қауіпсіздік мақсатында әскерилер оларды Катманду қаласынан эвакуациялады.
Бұдан бұрын Непалда наразылық білдірушілер үкімет ғимараттарын өртеп жібергенін жазған едік. Кейбір адамдар терезелері сынған ғимараттың ішіне кіріп кеткен. Ғимараттың сыртқы қабырғаларында граффити және үкіметке қарсы жазулар жазылған.