Непалдың уақытша үкіметінің басшысы лауазымына кандидат таңдалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында болған наразылықтарда шешуші рөл атқарған Gen-Z қозғалысы Непал Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Сушила Каркиді уақытша үкімет басшысы лауазымына ұсынды, деп News18 телеарнасы.

Непал Жоғарғы сотының бірінші әйел бас судьясы болған Карки жаңа сайлау өткізілгенге дейін өтпелі кезеңде елді басқаруға мақұлданды. Оның кандидатурасы Gen-Z қозғалысының виртуалды жиналысында мақұлданды. Жастар бірлестігі Каркидің жағдайды тұрақтандыруға және саяси дағдарыстан шығуға көмектесетініне сенімді.
Жаңа басшы наразылық шерулері кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету және дағдарысты еңсеру үшін қоғамды біріктіруді басымдық ретінде белгіледі. Карки Непалдағы жағдайдың өте қиын күйінде қалып отырғанын мойындады, бірақ өзгеріс мүмкіндігіне сенім білдірді.
— Біз елдің дамуы үшін бірге жұмыс істейміз және Непалға жаңа бастама беруге тырысамыз, — деп атап өтті ол.
Карки сонымен қатар Үндістанмен берік, ұзақ мерзімді байланыстың маңыздылығына тоқталып, екіжақты қарым-қатынастардың беріктігін атап өтіп, көрші елдің басшылығына жоғары бағасын берді.
Бұған дейін Gen Z жастар қозғалысының өкілдері мен Непал армиясы арасындағы келіссөздің бірінші раунды өтіп, тараптар саяси мәселелерді талқылаған болатын.
Еске сала кетсек, 8-9 қыркүйек күндері болған Непалда наразылық кезінде полицияның оқ жаудыруы салдарынан 14 адам қаза тапты. Шерушілер үкіметтен әлеуметтік желілерді бұғаттамауды және жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті. Наразылық білдірушілердің басым көпшілігі — Z ұрпағы немесе 1995-2012 жылдар аралығында туғандар.
Непал премьер-министрі жаппай наразылықтар тұсында отставкаға кетті.
Непалдың Лалитпур қаласындағы Накху түрмесінен 1500-ге жуық тұтқын қашып кетті.
Ал елдің әуежайлары 11 қыркүйекке дейін жабылды.
Непалдағы тәртіпсіздіктерге байланысты ел армиясы кейбір қалаларда коменданттық сағатты 12 қыркүйекке дейін ұзартты.