Нетаньяху бұдан былай ХАМАС-пен келіссөздер тек оқ астында жүргізілетінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа арнаған теледидарлық үндеуінде оның үкіметі топты кепілге алынғандарды босату бойынша бірнеше апта бойы сәтсіз әрекеттерінен кейін ХАМАС-қа қарсы қарқынды күресті қайта бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

Жолдаудың алдында ол министрлер кабинетінің шұғыл отырысын шақырды.
Нетаньяхудің айтуынша, ХАМАС мерзімі 1 наурызда аяқталған атысты тоқтату келісімін ұзартуға айырбас ретінде 24-і әлі тірі деп саналатын кепілге алынған 59 азаматты қайтару туралы бірнеше ұсынысты қабылдаған жоқ.
- Бұдан былай келіссөздер тек оқ астында жүргізілетін болады. Бұл – тек бастамасы, - деді премьер-министр.
Израиль ұшақтары сейсенбіге қараған түні ХАМАС инфрақұрылымына жаппай соққы берді.
Палестина тарапының мәліметінше, 400-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Нетаньяху Израиль енді ХАМАС-қа қарсы әскери операцияларын күшейтетінін уәде етті.
Дәл осы уақытта басқарушы коалицияға кіретін партиялардың бірі «Діни сионизм» Израиль билігіне бір кепілге алынған бірнеше палестиналық тұтқынды босатуға тыйым салатын заң жобасына бастамашы болды.
Заң жобасында сондай-ақ тірі палестиналықтардың кепілге алынғандардың мәйіттеріне айырбасталмайтыны да қарастырылған. Израильдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, жақын арада Кнессетте заң жобасына дауыс беру күтіліп отыр.
Еске сала кетсек, сейсенбі күні таңертең Израильдің Газа секторының бір бөлігіне жасаған әуе шабуылынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 413-ке жетті.
Израиль Газадағы ХАМАС нысандарына соққы жасауды жалғастырып отыр.